“Жұт болып жатыр, ағайын!”

0
221

Танымал өнертанушы Ерлан Төлеутай өзінің Фейсбук парақшасында жерлестерінің жан айқайымен бөліст деп жазады Demokrat.kz. ақпараттық порталы.

“Елде – Жаңаарқада жүрмін. Арқада, оның ішінде Жаңаарқа ауданында құлақ естіп, көз көрмеген (мен туғалы) жұт болып жатыр, ағайын. Кеше өзім өсіп, ержеткен Жаңаарқа ауданы, Байдалы би ауылында болып, өз көзіммен көрдім, жылқы жарықтық қырылып жатыр, қырылмағаны әбден арып, тулаққа айналған.Түртіп қалсаң – құлағалы тұр.

Құлағаны тұрмайды – пышаққа ілінеді. Биелер тегіс құлын тастаған. Тұтас үйірлер жоғалып, із-түссіз кеткен. Мал баққан, оның сүмесіне қарап отырған елдің еңсесі түсіңкі. Жем-шөп жетпейді. Жылқы қолға қараған соң – елдің шөбі түгесілуге таяу. Шөп бағасы шарықтап кеткен, тоннасы 120 мыңға жеткен! Бұған қайрат қылып жатқан өкімет жоқ.

Естуімше, билік малдың жұтқа ұшырауын халықтың өзінен көруде. Халық өлген малын дәлелдей алмауда. Себебі, әр жылқы есепке алынып, чип салынуы керек екен, әр малды паспорттау керек көрінеді”, – деп жазды ол.

“Үкіметтің позициясы – малдардыңды дұрыс бақпаған, жұтқа дайындалмаған өз обалдарың өздеріңе дегенге саяды. Баяғыда, Кеңес үкіметі кезінде мұндай ауыр қыстарда ел ішіне жоғарыдан уәкілдер шығып, мәселенің мән-жайын көзімен көрген соң, үкіметке баяндап, сонан соң төтенше жағдай жарияланып, жұт зардаптарын жоюға нақты шешімдер қабылданып, оны жүзеге асыруға арнайы құрылған арнайы штабтар жедел іске кірісетін.

Бұған күллі республика жұмылдыратын, тіпті Темір жол, көлік қатынастары министрлігі облыстардан жем-шөп тасуға арнаулы вагондар мен жүк көліктерін бөлетін. Қазір мұның бірі жоқ. Үкімет өлмесең өмірем қап дегендей, тым-тырыс, үнсіз. Бұл жөнінен бұл 1929-32 жылдардағы ұлы ашаршылықта халық аштан қырылып жатқанда «Қазақстанда бәрі жақсы, тек Совет үкіметіне қарсы байлар малдардын әдейі қырып жатыр деп, Мәскеуге жалған ақпар жөнелтумен болған Голощекин басқарған үкіметтің сұрқиялығын еске түсіреді”, – дейді Е.Төлеутай.

Осы мәселеге орай 1 наурыз күні ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Б. Аймұрзаев пен ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы М. Мұхтаров жылқылардың жаппай қырылу себебін тексеру үшін Ұлытау облысына барды.

Жаңаарқа ауданына барған делегацияның анықтағаны: ауа-райының қолайсыздығынан, 2023 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың ақпан айында қардың қалың түсуінен және температураның төмендеуінен және жайылымдарға мұз қатуына байланысты жылқылардың тебіндеуі қиынға соққан.

Оны тайлар мен кәрі жылқылар көтере алмаған. Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасының дерегі бойынша қазіргі уақытта ауданда 84,3 мың бас жылқы тіркелген.

Айта кетейік, Ұлытау облысында 2000 бас және Жаңаарқа ауданында қолда бар мал басының жартысы өлді деген ақпарат шындыққа жанаспайды,  — делінген АШМ хабарламасында.

Бүгінгі таңда ауылдық ветеринарлық дәрігерлердің, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің, мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторлардың қатысуымен өлген жылқыларды жинау және олардың өлекселерін жою жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жағдай АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ұлытау облысындағы аудандық аумақтық инспекцияларының қадағалауында болады.

Фото ашық дереккөзден алынды.