Қазақстандықтардың дәрігермен қашықтан кеңесу тәртібі өзгереді. 1 қыркүйектен бастап телемедициналық платформалар пациентті сәйкестендіруге, бейнебайланыс жүргізуге, медициналық құжаттарды жіберуге және денсаулық көрсеткіштерін цифрлық жүйеде сақтауға міндетті болады, деп жазады Democrat.kz.
Денсаулық сақтау министрінің 18 тамыздағы бұйрығымен дистанциялық медициналық қызметтерге пайдаланылатын электрондық жүйелерге қойылатын талаптар жаңартылды.
Платформа дәрігер мен пациентті идентификациялап, пациенттің ақпараттандырылған келісімін рәсімдеуге мүмкіндік беруі тиіс.
Қашықтан қабылдау кезінде аудио және бейнебайланыс, хабарлама, медициналық құжаттар мен суреттер алмасу мүмкіндігі қарастырылады.
Консультация аяқталғаннан кейін диагноз, зерттеу нәтижелері, дәрігер қорытындысы және әрі қарай емдеу жоспары цифрлық медициналық жүйеге енгізіледі.
Жаңа жүйе смарт-сағат немесе басқа тағылатын медициналық құрылғылардан алынған денсаулық көрсеткіштерін де қабылдай алады.
Сонымен қатар артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті және глаукоманы ерте анықтауға арналған кейбір скринингтерді дистанциялық форматта өткізу көзделген.