Щучинскідегі дәмханада болған жойқын жарылыстан 12 адам қаза тапқан іс бойынша үш адамға үкім шығарылды. Екі айыпталушы жеті жылдан, үшіншісі алты жылдан бас бостандығынан айырылды, деп жазады Democrat.kz.
Бурабай аудандық соты «Центр плова Loft» дәмханасындағы жарылыс бойынша істі аяқтады.
Қайғылы оқиға 26 ақпанда Щучинск қаласында болған. Бір қабатты дәмханада жарылыс болып, кейін өрт шыққан.
Алғашында алты адамның қаза тапқаны хабарланған еді. Кейін ауруханада жатқан зардап шегушілердің қайтыс болуына байланысты құрбандар саны 12-ге жетті. Тағы 11 адам зардап шеккен.
Сот алдында дәмхананы жалға алушы, автогаз құю станциясының директоры және газ жеткізуші жауап берді.
Дәмхана басшысы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жеті жылға сотталды. Газ құю станциясының директоры да жеті жыл алды. Газ баллондарын жеткізген адам алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.