Әлеуметтік желіде жазушы Санжар Керімбайдың қисса-дастандарға қатысты еңбектері қызу пікірталас туғызды. Бір тарап оны ескі діни мұраны қайта жаңғыртып, жастарға жеткізіп жүрген автор ретінде қолдаса, екінші тарап қиссалардағы көркем қиял мен діни аңыздардың тарихи шындық ретінде ұсынылуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Осыған байланысты заңгер Абзал Құспан өз пікірін білдіріп, жазба жариялды деп жазады Democrat.kz.
Абзал Құспан желідегі парақшасында: "Санжар Керімбай сотталса…
Соңғы бірнеше күн Санжар Керімбайдың қиссаларына қатысты пікірлерді оқып, бір қызық ойға қалдым.
Осы желідегі жұрттың абсолютті басым бөлігі қиссалардың авторы Санжар Керімбайдың өзі деп түсінетін сияқты. Не деген «бақытты» адам бұл Санжар?).
Әрідегі Науаи, Сағди Фирдоусилерді былай қойғанда, XIV ғасырдағы Рабғузиден бастап, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Шәді Төреұлы сияқты қиссаның жүздеген авторлары ұмытылды. Өткен ғасырдың 70–80-жылдарына дейін діни қиссаларды халыққа жеткізіп, жырлап келген Марабай жырау, Нұрпейіс Байғанин, Мұрын жырау сияқты мыңдаған қиссашы ақын-жыраулар ұмытылды. Жылдар емес, ғасырлар бойы қалыптасқан тұтас әдеби дәстүр ұмытылып, қазіргі қазақ қоғамының тарих сахнасында Санжар Керімбай бір өзі қалды! Енді Сәкеңе, орекеңдер айтпақшы «для полного счастья» жетпей тұрғаны - сотталу! Негізі ол аса қиын емес, желіде салғыласып отырғанша деп біреу-міреуің, мүмкін бірнешеуің, Санжарды «осының бәрін өзі ойлап тапқан, өзі жазған, өзі таратқан, діни уағыз жүргізген» деп арызды беріп кеп жіберсеңдер, Қылмыстық кодекстің мысалы 174-бабымен 7 жылға соттап жіберуге әбден болады).
Әуелі өзін соттатса, артынан сары кітаптарында “соттауға” болады, одан кейін Мағауиннің “Бес ғасыр жырлайдысы”, Мекемтас ақсақалдың “Бабалар сөзін”, тіпті қиссаны діннің құралы емес, ӘДЕБИ жанрға жатқызған Қазақ ССР энциклопедиясында “соттап”, халық арасында таратуға тиым салу керек!
Әні сонда әділдік, тіпті Әділетті Қазақстан орнап қалуы әбден мүмкін!
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз & Санжар Керімбай– бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд", - деп
жазды.
Абзал Құспанның бұл жазбасы да қызу пікірталас алаңына айналды. Бір тарап "Санжар керемет, көзімізді ашып, кітап оқытып жатыр", "балаларға берер тәрбиесі мол кітаптар бұл" десе, келесі бір тарап "мектеп баласына дінді сыналай санасына сіңіретін мұндай кітаптардың қиссаларын оқытудың керегі жоқ", "Санжар бүкіл салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды арабтардан келген еткісі келеді", "қазақ деген ұлттың өзіндік дәстүрі, әдеті мен ғұрпы бар. Оларды арабтың даласынан келген етіп көрсету-қателік" дегенге саятын пікірлер жазуда.