Әйел зорлағыш еркек қайдан шығады?

Әйел зорлағыш еркек қайдан шығады?
Қызды кім зорлайды? Ұлыңмен болған алғашқы ашық әңгіме есіңде ме? «Әйел заты қалай киінсе де, өзін қаншалықты жеңілтек ұстаса да, сен оның соңынан ысқырып, әжуа етуге, қырындауға қақың жоқ» дегенді қашан айттың?
 
Яки, балаңа «бөтен қыздың қыздығы – сыйлық емес, әйелмен болған жыныстық қарым-қатынас өмірлік жетістіктің сиқырлы ұпайын түгендемейді» деген әңгіме айтылды ма?
 
«Зорлықшыл атану үшін әйел міндетті түрде төбелесуі, еркек оған күш көрсетуі тиіс деген заң жоқ» деген сыңайлы ескертуді айту парыз.
 
«Әйел ішімдікке мас болып, есірткі шегіп алған кезде жыныстық қатынасқа келісім бергені көктің сиқыры емес, сенің еркек ретіндегі осалдығың ғана» дегенді айттың ба?
 
«Сенің жыныстық тәжірибең адамгершілік құндылығыңның көрсеткіші емес, сол сияқты әйелдің де жыныстық тәжірибесі оның адамгершілік құндылығының теңгерімі бола алмайды» деген сөз бар.
 
Балаң алғаш «жезөкше» деген сөзді айтқанда, оған тоқтау салдың ба? Сыныптасын сөз етіп, құрметтеуге лайық тұлға емес, жеңіп алатын жүлде сияқты сөйлегенін байқадың ба?
 
Сол әңгімені неге еске түсіре алмай тұрғаныңды ойлашы? Балаңмен мұндай ашық әңгіме-дүкен құрмағаныңнан шығар? Мұндай әңгімені екінің бірі айта бермейтіні өтірік емес.
 
Ал кей әңгіме әр үйде қайталана береді. Ондай әңгімеге балаңды араластырмадың.
«Өзіңді қалай ұстайтыныңа, не киетініңе мән бер — жаман қыз атану оңай».
 
«Еркектің бәрі сондай, оларға жамандық ойлауға жол берме». «Қауіпсіздігіңді ойла, ашық-шашық киінсең, ел сені жаман қыз деп ойлайды».
 
«Түн ішінде жалғыз жүрме, көшеге шықпа, танымайтын адамдардың ортасында ішпе». Мұндай ақылды барлық ата-ана айтады. Бір қарағанға, жақсылыққа үндеп тұрған сияқты.
 
Алайда бұл мәдени парадигманың іргетасына қаланған шірік кірпіштің бірі. Бұл бойжеткеннің жанын жаралайтын, оны жазықсыз жазалайтын ақыл.
 
Бұл мәдени парадигманың астары былай: зорланғаны үшін, абьюз үшін, кез келген жыныстық қылмыс үшін басты жауапкершілік әйелдің мойнында дегенді білдіреді.
 
Себебі, еркектің аты еркек. Олардың кейбірі өзінің инстинктіне жауапты болмай шығады.
 
«Мұның барлығы үрейлі әрі соншалықты әділетсіз, - деді бір әйел, - дегенмен сіздің сөзіңіз өмірдің шындығын жоя алмайды. Әлем тола зорлықшыл және күмәнді еркек екенін өзгерте алмаймын. Мен тек қызыма өзін қорғауды үйретуім керек».
 
Жақсы. Күмәнді еркек деген кім? Студенттік кешке қызың жалғыз бара алмайтындай алғышарт жасайтын адамдар – кімдер? Көшеде қызыңның артынан ысқырып, «тым ашық киінген» деп сөгетіндер кім?
 
Қандай еркектер қыздың ізінен қалмай, қорқытып, үркітеді? Неге олар қыздың шекарасына кіріп, оны мазалайды? Қайдан шыққан сол еркектер? Оларды кім туып, кім өсірген?
 
Менің жауабым көпшілікке ұнамайтынын білем: оларды өсірген сіздер!
Әңгіменің тоқетері: бұл мәселенің бүге-шігесін әркім біледі. Ары қарай бүкіл кінәні маньяктарға итере салу бекер.
 
Зорлықшылдар қайдан шығатынын айтып беретін статистика жеткілікті: олар сол зардап шеккен қыздардың құрдастары, сыныптастары, бұрынғы жүрген жігіттері, достары. Сенің қызыңмен бұрыннан таныс жас жігіттер.
 
Қызға ешкім тиіспесін деп айналасына үнемі сабан төсеп жүре алмайсың. Зорлықшылдар оның әлемінде.
Зорлық үшін жауапкершілікті әйелдің ықтиярына жүктейтін мәдени әлемде өмір сүреміз. Еркекке қой дейтін қожа жоқ.
 
Сенің ұлың осындай стереотиптер жазылған әлемде өсіп жатыр. Балаңды тәрбиелеген кезде осы айтылмайтын заңдылықтарды оның бойынан мақұлдап та қойған шығарсың. Бәлки, сенің отбасың мүлде қарама-қайшы тәрбиеде болар.
 
Ол маңызды емес. Маңыздысы: сен оған табалдырықтан аттай сала еститін бөтен әңгімеге сатылмасын деп бір рет болса да айттың ба? Ондай жаманат дұрыс емес, олай істеуге болмайтынын ескертесің бе? Жоғарыда айтылған әңгіменің бірін болса да айтуға тырыстың ба?
 
Өте ауыр — қызыңа зорлық туралы айтып, ескерту өте қиын. Өйткені, туған қызыңа ондайды тілемейсің. Ұлыңа зорлық туралы айту тіптен қиын. Оның бойынан зорлыққа баратын адамды көре алмайсың.
 
Бірақ бұл әңгімені айту парыз. Себебі, көптеген ата-ана мұндай әңгіме артық деп ойлап, бармақ тістеп қалады. Соның кесірінен қаншама әйел жапа шекті.
 
Ұлға ескерту жаса – білекке сену жауапкершілік емес. Зорлаудың статистикасын азайтуға ниеттен. Туған қызыңды, жас әйелдерді қорғауға болады. Қорғау дастархан басында ұлыңа осы әңгімені дұрыстап айтып, түсіндіруден басталуы тиіс.
 
Карина Колодна
Аударған Шынар Әбілда
Барлық жаңалықтар