Аргентинада авиация саласын дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Оқу-жаттығу ұшуы кезінде тәжірибелі ұшқыш-нұсқаушы Леандро Андрес Бертаццо күтпеген жерден Cessna 150G ұшағынан секіріп кеткен. Сол сәтте әуе кемесінің тізгінінде оның 22 жастағы шәкірті қалған деп жазады Democrat.kz.
Тергеу дерегінше, нұсқаушы ұшақтан шықпас бұрын қызға сабырлы түрде: «Сен не істеу керегін білесің. Жалғастыр», – деген. Осыдан кейін ол қауіпсіздік белдігін ағытып, гарнитурасын шешіп, ұшақ есігін ашқан.
Күтпеген жағдайға тап болғанына қарамастан, курсант қыз есін жоғалтпаған. Оның жеке ұшқыш лицензиясы болғаны айтылады. Ол бірден Кордова қаласындағы Flying Parrot ұшу мектебімен радио арқылы байланысқа шыққан. Жердегі нұсқаушылар оған қажетті әрекеттерді айтып, бағыт беріп отырған.
Нәтижесінде жас қыз ұшақты өз бетінше аман-есен қондырған. Әуе кемесі де айтарлықтай зақым алмаған.
Ұшу мектебінің директоры Эдуардо Альварес курсанттың әрекетін жоғары бағалады. Оның айтуынша, қыз қатты күйзеліс жағдайында болса да, барлық нұсқауды нақты әрі кәсіби деңгейде орындаған.
«Оның әрекеті анық, салмақты және кәсіби болды», – деді мектеп директоры.
Қайғылы оқиғадан кейін шамамен 15 минут өткен соң Бертаццоның денесі Кордова провинциясындағы ауылдық аймақтан табылған. Қазір Аргентина прокуратурасы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.
Кейін белгілі болғандай, нұсқаушының психикалық денсаулығына қатысты мәселе болғаны айтылуда. Кей дерек бойынша, ол бұған дейін арнайы клиникада ем алған болуы мүмкін. Алайда ұшу мектебінің басшылығы бұл туралы тек оның туыстары ғана білгенін, ал әріптестері мен шәкірттері оның бойынан күмәнді белгі байқамағанын жеткізді.
Леандро Бертаццо авиацияда көп жылдық тәжірибесі бар маман болған. Ол бірнеше кәсіби ұшқыш лицензиясына ие болып, нұсқаушы әрі коммерциялық авиация пилоты ретінде жұмыс істеген. Бұған дейін көршілес Чилиде де ұшқан.
Бұл оқиға авиациядағы қауіпсіздік мәселесімен қатар, ұшқыштардың психологиялық жағдайын бақылау тақырыбын да қайта күн тәртібіне шығарды. Себебі әуе саласында бір адамның ішкі күйзелісі тек өз өміріне ғана емес, қасындағы жолаушының немесе шәкірттің тағдырына да тікелей әсер етуі мүмкін.
Ал 22 жастағы курсант қыздың сабыр сақтап, ұшақты сәтті қондыруы көпшілік тарапынан батылдық пен кәсібиліктің үлгісі ретінде бағаланып жатыр.