Қазақстанда мемлекеттік марапаттардың кімге және қандай еңбегі үшін берілетіні қоғам талқысына түсті. Белгілі ұстаз Өмір Шыныбекұлы небәрі екі жыл еңбек өтілі бар қызметкерге «Ерен еңбегі үшін» медалі берілгенін мәлімдеп, марапаттау жүйесінің әділдігіне күмән келтірді. Оның жазбасына пікір қалдырған педагогтер де жылдар бойы ескерусіз қалғандарын айтып, наразылық білдірді, деп жазады Democrat.kz.
Өмір Шыныбекұлы Facebook парақшасында екі жыл еңбек өтілі бар қызметкердің мемлекеттік медальмен марапатталуын қатаң сынады.
«Егер бұл рас болса... Өз басым мұны мемлекеттік марапаттың құнын түсіріп, "мемлекет" деген ұғымды қорлау деп түсінемін. Медаль қайтарылып, кінәлілер жазалануы тиіс», – деп жазды ол.
Ұстаздың бұл мәлімдемесі қызу пікірталас туғызды. Әсіресе ондаған жылын мектепке арнаған педагогтер марапаттау кезіндегі әділдік мәселесін көтерді.
«Ерен еңбек деген медальдарды қазір 3-4 жыл жұмыс жасап, ауыздан бос сөздерді қарша боратқан, бұрын маңдайы терлеп жұмыс жасамағандар алып жатыр. Ал 20-30 жыл адал еңбек етіп, түн ұйқысын төрт бөлген дәрігерлер, балаларымызды оқытудан жалықпаған ұстаздарымыз бір жапырақ қағазға тимей шет қалуда», – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Тағы бір педагог 45 жыл мұғалім болғанын, жоғары санатты ұстаз ретінде еңбек еткенін, шәкірттерінің марапат алып жүргенін айтып, өзінің еңбегі бағаланбағанына қынжылды.
Ал 37 жыл жұмыс істеген өзге мұғалім марапатқа ұсынылмағанын жеткізді.
Пікірлер арасында мемлекеттік марапатқа лайықты адамдардың орнына танысы мен тамыр-таныстығы бар азаматтар ұсынылады деген күдік те айтылды.
Тіпті спорт саласында ел чемпиондарын тәрбиелеген маман өзінің бірнеше мәрте марапатқа ұсынылғанымен, еңбегі ескерілмегенін, жасына қатысты уәж естігенін мәлімдеді.
Тағы бір ұстаз кейбір педагогтердің жоғары кәсіби санат пен марапат алғанымен, нақты сабақ беру сапасына қатысты сұрақтар туындайтынын айтты.
Алайда марапаттың әділ берілгенін тек еңбек өтілімен өлшеуге болмайды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңның 21-бабына сәйкес, «Ерен еңбегі үшін» медалі экономика, әлеуметтік сала, ғылым, мәдениет және мемлекеттік қызметтегі еңбек жетістіктері үшін беріледі. Бұл медальға қатысты заңда барша үміткерге ортақ нақты ең төменгі еңбек өтілі көрсетілмеген.
Сондықтан екі жыл еңбек еткен адамның марапат алуы өздігінен заң бұзушылықты білдірмейді. Негізгі мәселе – сол қысқа мерзім ішінде оның қандай айрықша еңбек жетістігіне қол жеткізгенінде.
Өмір Шыныбекұлының жазбасында марапат алған адамның аты-жөні мен нақты еңбегі көрсетілмегендіктен, айтылған жағдайдың мән-жайы қосымша тексеруді қажет етеді.
Дегенмен ұстаздардың көтерген мәселесі назар аударуға тұрарлық.
Мемлекеттік марапатқа үміткерлерді кімдер ұсынады? Олардың еңбегі қандай көрсеткіштермен бағаланады? Неліктен ондаған жыл шәкірт тәрбиелеп, нақты нәтиже көрсеткен педагогтер марапатсыз қалады?
Марапаттың беделін сақтаудың бір жолы – оны алған адамның қандай жетістігі үшін таңдалғанын қоғамға түсінікті ету.
Өйткені мемлекеттік медальдің құны оның қанша адамға берілгенімен емес, кімнің қандай еңбегін мойындағанымен өлшенеді.