"Жастарға орын берсін!" Зейнеткер мұғалімді жұмыстан шығаратын арнайы заң қабылдамақ

"Жастарға орын берсін!" Зейнеткер мұғалімді жұмыстан шығаратын арнайы заң қабылдамақ

Зейнет жасына жеткен мұғалімдерді мектептен босату мәселесі үлкен талқыға түсіп, көрші елдің жұртшылығын біраз шулатуда. Қырғызстанның оқу ағарту министрі еңбек заңнамасын өзгертуді ұсынса, президент Садыр Жапаров бұл бастаманы қарастыруға тапсырма берді, деп жазады Democrat.kz.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Жалал-Абад облысының Ала-Бұқа ауданындағы тұрғындармен кездесуінде күтпеген мәселе көтерілді.

Гүлбара есімді тұрғын зейнет жасындағы мұғалімдердің жұмыс орындарын босатпай отырғанын айтып, жас мамандардың мектепке орналасуына мүмкіндік беруді сұрады.

«Зейнетақыларын алып, үйлерінде отырсын. Жастарға орын босатсын», – деді тұрғын.

Бұған жауап берген Қырғызстанның ағарту министрі Догдүркүл Кендирбаева мектептерде 68–70 жасқа дейін жұмыс істеп жүрген педагогтер бар екенін мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, мұғалімдердің еңбекақысы көтерілгеннен кейін мектептегі бос орындарға бәсекелестік күшейген. Қазір педагогтерге деген қажеттілік толық қамтамасыз етілген.

«Біз оларды жұмыстан шығара алмаймыз. Себебі олар мемлекеттік қызметші емес, оларды Еңбек кодексі қорғайды. Зейнет жасындағы кейбір мұғалімдерді жұмыстан шығарған кезде сот шешімімен қайта қызметіне оралған жағдайлар болды. Сондықтан Еңбек кодексін өзгертуіміз керек», – деді министр.

Президент Садыр Жапаров бұл мәселені заң аясында шешуді ұсынып, парламентпен бірлесіп тиісті өзгерістерді қарастыруды тапсырды.

Айта кетейік, Қырғызстанда мұғалімдерді зейнет жасына байланысты міндетті түрде жұмыстан шығару туралы заң әзірге қабылданған жоқ. Әңгіме заңнаманы өзгерту бастамасы туралы болып отыр.

Ал Қазақстандағы жағдай қандай?

Қазақстанда 2026 жылы ер адамдар 63 жаста, әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Еңбек кодексінде зейнет жасына толған қызметкермен еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен тоқтату мүмкіндігі көзделген. Бірақ бұл заңда белгіленген рәсімдер мен кепілдіктер сақталған жағдайда жүзеге асырылуға тиіс.

Қазақстан мектептерінде де зейнет жасынан кейін жұмыс істейтін педагогтер бар. Бір тарап олардың тәжірибесін жоғары бағаласа, екінші тарап жас мамандарға орын босату қажеттігін көтеріп жүр.

Дегенмен мұғалімнің кәсіби қабілетін тек жасымен өлшеу дұрыс па? Қырық жыл бала оқытқан тәжірибелі ұстазды зейнет жасына жеткені үшін қызметтен кетіру қаншалықты әділетті? Ал дипломын жаңа алған жас мұғалім жұмыссыз қалса, оның мәселесін кім шешеді?

Қырғызстанда көтерілген бастама Қазақстандағы білім беру жүйесі үшін де өзекті сауалдарды алға шығарып отыр.

Барлық жаңалықтар