Қазақстан мектептерінде күзгі каникул басталды. Оқушылар жеті күн демалады. Осыған байланысты каникул кезінде мектептер ұйымдастыратын іс-шараларға қатысу тәртібі мен мұғалімдерге қосымша жұмыс жүктеуге қатысты маңызды талаптар айтылды, деп жазады Democrat.kz.
Күзгі каникул 2026 жылғы 26 қазаннан 1 қарашаға дейін жалғасады. Оқушылар 2 қараша күні қайта сабаққа кіріседі.
Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, елімізде балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған 2,9 мыңға жуық қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында өнер, музыка, спорт мектептері мен шығармашылық орталықтар бар.
Каникул кезінде мектептер оқушыларға түрлі танымдық, мәдени және спорттық іс-шаралар ұсына алады. Алайда мұндай шараларға қатысу ерікті түрде жүргізілуге тиіс. Балалардың қызығушылығы мен отбасының жоспары міндетті түрде ескеріледі.
Ең маңыздысы – каникул кезіндегі іс-шаралар мұғалімдерге қосымша әкімшілік жүктеме туғызбауға және есеп көлемін арттырмауға тиіс.
Сондай-ақ әр іс-шараның қауіпсіздігіне жауапты адамдар алдын ала белгіленуі қажет. Балалардың қатысуы ата-аналарымен келісіледі. Ал мектептен тыс ұйымдастырылатын шараларда жауапты ересектердің еріп жүруі қамтамасыз етілуге тиіс.
Министрлік ата-аналарға да балалардың үйде, көшеде және интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтауын ескертуді ұсынды.
Демек, күзгі каникул оқушылар үшін міндетті мектеп іс-шараларына қатысатын кезеңге, ал педагогтер үшін қосымша есеп тапсыратын уақытқа айналмауы керек.