«Премия түгілі айлық жоқ!»: Ақтөбелік мұғалімдердің жанайқайы күшейді

«Премия түгілі айлық жоқ!»: Ақтөбелік мұғалімдердің жанайқайы күшейді

«Біз премия дегеннің не екенін де білмейміз!» Әлеуметтік желіде мұғалімдердің еңбекақысына қатысты жазбалар тағы да қызу талқыға түсті. Ұстаздар төлемдердің кешігуіне және қосымша сыйақыдан қағылуына наразылық білдіріп жатыр. Ал мұның астарында қандай мәселе бар, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде «Премия алмаған Ақтөбе және мұғалімдер қалдық» деген жазба жарияланып, оған өзге өңірлердегі педагогтер де үн қосты.

«Біз жалақымызды алып алайықшы. Бітпейтін жыр, шот жабық. Ол шоттың ашылатын күні бар ма екен?» – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Тағы бір мұғалім: «Мұғалімдер премия дегеннің не екенін де білмейміз ғой! Қандай болады ол?» – деп қынжылды.

Пікірлер арасында қыркүйек айының жалақысын әлі алмағанын айтқандар да бар. Ал кей педагогтер сыйақыны соңғы рет сайлау кезінде алғандарын жеткізген.

Мәселе тек Ақтөбемен шектелмейтінін өзге өңірлерден жазылған пікірлер де аңғартады. Кейбір мемлекеттік мектеп мұғалімдері сыйақыдан қағылып жүргенін айтса, басқалары жекеменшік білім беру ұйымдарында да еңбекақының кешігетінін мәлімдеді.

Мұғалімдердің ақшасы неге кешігеді?

Ақтөбеде педагогтерге тиесілі төлемдердің кешігуі биыл алғаш рет көтеріліп отырған жоқ.

2026 жылғы шілдеде өңір мұғалімдері еңбек демалысының ақысын уақытында ала алмағанына шағымданған. Сол кезде Ақтөбе облысының білім басқармасы бюджеттен қаржы бөлінуіне қатысты түсініктеме беріп, шамамен 5 миллиард теңге демалыс ақысы 10 шілдеге дейін төленетінін хабарлаған.

Демек, өңірде педагогтерге төленетін қаражаттың уақытылы аударылуына қатысты қаржыландыру мәселесі бұрын да туындаған.

Жалақының кешігуіне бюджет қаражатының кеш бөлінуі, қаржыландыру жоспарының орындалмауы, бухгалтерлік құжаттардың рәсімделуі немесе төлем жүргізетін ұйымдардың жұмысы әсер етуі мүмкін. Бірақ қазіргі шағымдардың нақты қай себептен туындағаны ресми түрде анықталған жоқ.

Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, жалақы келесі айдың алғашқы он күнінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Егер белгіленген мерзім бұзылса, жұмыс беруші берешекпен бірге кешіктірілген күндер үшін өсімпұл да төлеуге міндетті.

Ал сыйақы мәселесі бөлек. Премияның төленуі еңбек шартына, ұжымдық шартқа, сыйақы беру ережесіне және тиісті қаржыландыруға байланысты. Сондықтан оны барлық мұғалімге міндетті түрде төленетін тұрақты жалақымен шатастыруға болмайды.

Алайда негізгі сұрақ ашық қалып отыр: мұғалімдерге тиесілі ақшаның кешігуіне кім жауап береді?

Ақтөбе облысының білім басқармасы педагогтердің қазіргі шағымдарына байланысты нақты қанша мектепте төлем кешіккенін, оған не себеп болғанын және берешектің қашан өтелетінін түсіндіруге тиіс.

Мұғалімнен сапалы сабақ, үздіксіз есеп пен жоғары нәтиже талап етіп отырған жүйе ең алдымен оның маңдай терімен тапқан еңбекақысын уақытында төлеуді қамтамасыз етуге міндетті.

 

Барлық жаңалықтар