Әлеуметтік желіде мұғалімдердің айлығы кешігіп, кейбір білім беру ұйымдарында жалақының уақытында төленбей жатқаны туралы жазбалар көбейді. Педагогтер алаңдатарлық жағдайды ашық айтып, әріптестерін алдағы қиындықтарға дайын болуға шақырды, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде жарияланған жазбада мұғалімдердің жалақысын кешіктіру, аванс түрінде беру немесе бөліп төлеу жағдайлары туралы мәселе көтерілді.
«Әріптестер! Айлық кешіктіру, аванс қылып қырық бөліп беру дегендердің болып жатқаны рас па? Мұғалімдер жұмысшы халықтың ең стабильный, ең соңғы шайқалатын, көп таралған бөлігі деп санаймын. Экономист емеспін, бірақ мұғалімдердің айлығы кешігуі, берілмеуі, айлықсыз қалуы басқа кәсіптерге де теріс әсер етіп, бұл жағдайдың бәріне, соның ішінде экономикаға да кесірі тиеді деп ойлаймын. Жақсылықтың белгісі емес. Қиын-қыстау замандарға дайындала берейік пе?» – деп жазды автор.
Жазба астында пікір қалдырған педагогтер жалақы мәселесінің мемлекеттік мектептерде ғана емес, жекеменшік білім беру ұйымдарында да кездесетінін мәлімдеді.
Бір мұғалім қыркүйек айының жалақысын әлі алмағанын жазса, тағы бірі жазда еңбек демалысына шығып, тиісті төлемін шілдеде ғана алғанын жеткізді.
«Қай жақтар уақытылы алып жатқан? Біз әлі алмадық», – дейді тағы бір педагог.
Дегенмен пікір білдірушілердің арасында жалақысын уақытында алып отырған мұғалімдер де бар. Сондықтан әлеуметтік желідегі шағымдар барлық мектепте еңбекақы кешіктіріліп жатыр дегенді білдірмейді.
Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші еңбекақыны айына кемінде бір рет, келесі айдың алғашқы онкүндігінен кешіктірмей төлеуге міндетті. Жалақы кешіктірілген жағдайда жұмыс беруші берешекпен бірге заңда көзделген өсімпұлды да төлеуге тиіс.
Мұғалімдердің алаңдаушылығы түсінікті. Тұрақты жалақыға сүйеніп несие төлеп, отбасын асырап отырған педагог үшін еңбекақының бірнеше аптаға кешігуінің өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Ендеше, Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті білім басқармалары мұғалімдердің жалақысына қатысты шағымдарды назарға алуы қажет. Қай өңірлерде берешек бар? Қанша педагог еңбекақысын уақытында ала алмай отыр? Оның себебі неде?
Ұстаздар қазірдің өзінде жалақының кешігуін экономикалық жағдайдың нашарлауымен байланыстырып, алаңдаушылық білдіре бастады.