Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында өткен салтанатты жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікір білдірді. Мемлекет басшысы оның ел тарихындағы орнына қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп жазады Democrat.kz.
Бүгін, 23 қазанда Республика күніне арналған салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.
Президент тарихи тұлғалардың еңбегіне әділ әрі объективті баға беру қажеттігін айтты.
«Біз тарихи үрдістерге әділетті көзбен қарап, әділ баға беруіміз керек. Сондықтан Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – әділетке сай келетін мәселе», – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев өз сөзінде Әділетті Қазақстан құру ісіне де тоқталып, әділеттілікті қоғамдағы ең жоғары рухани құндылықтардың бірі ретінде сипаттады.
Осылайша Президент Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы тарихын бағалауда Назарбаевтың еңбегін ескерудің маңызды екенін жеткізді.