Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғаліміне қатысты әлеуметтік желіде күтпеген мәлімет тарады. Кәмелетке толмаған оқушының туысы жариялаған жазба жұрттың алаңдаушылығын туғызды. Мектеп әкімшілігі жағдайға байланысты тексеріс бастағаны хабарланды, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Аманқос Намазовқа қатысты шағым жарияланды.
Жазба авторының айтуынша, 34 жастағы педагог оның 2009 жылы туған кәмелетке толмаған сіңлісіне жеке хабарламалар жіберіп, сабақтан тыс уақытта кездесуге шақырған.
Қыздың әпкесінің мәлімдеуінше, мұғалім оқушының телефон нөмірін оның сыныптасы арқылы алған. Кейін түнгі уақытта хат жазып, тамақ ішкен-ішпегенін сұрап, жылы киінуге кеңес берген және кездесуді ұсынған.
«Ол сіңлімнен не істеп жатқанын, тамақтанғанын сұрап, жылы киінуге кеңес берген. Телефон нөмірін сыныптасы арқылы алып, түнде хат жазып, кездесуді ұсынған», – дейді жазба авторы.
Ол сөзін растау үшін әлеуметтік желіде хат алмасудың скриншоттарын да жариялаған.
Автордың айтуынша, оқушы бұл жағдайды құрбыларына айтқаннан кейін олардың бірі мұғалімге хабарласып, мұндай қарым-қатынасқа қалай қарайтынын сұраған.
Сол кезде педагог жазғандарын әзіл деп түсіндіріп, өзінің отбасы, әйелі мен балалары бар екенін алға тартқан көрінеді.
Алайда қыздың туысы мұнымен келіспейді. Оның сөзінше, педагог кейін де оқушыға хабарласып, өзінің әрекетін дұрыс түсінбегенін айтқан. Тіпті мектеп директорының кабинетінде өткен әңгімеде де жазғандарын әзіл ретінде түсіндіруге тырысқан.
«Менің сіңлім – кәмелетке толмаған оқушы. Ал ол – ересек адам әрі мұғалімі. Бұл жерде тек жас айырмашылығы емес, жауапкершілік пен қызметтік жағдайдың айырмашылығы бар», – деп жазды ол.
Қыздың ата-анасы мектеп басшылығына жүгінген. Отбасы болған оқиғаға ресми әрі құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.
«Мәселе бір мұғалімнің жұмыстан кетуінде ғана емес. Біз мұндай жағдайдың басқа балалармен қайталанбағанын қалаймыз», – дейді жазба авторы.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Назарбаев Зияткерлік мектебінің әкімшілігі жағдайға байланысты ішкі тексеріс бастаған.
Дегенмен тексерістің қорытындысы, мұғалімнің қызметтік мәртебесіне қатысты шешім және құзырлы органдардың құқықтық бағасы әзірге жарияланған жоқ.
