Цеснабанктен айырылған Әділбек Жақсыбековтің қазіргі жағдайы аса мүшкіл ме?

Цеснабанктен айырылған Әділбек Жақсыбековтің қазіргі жағдайы аса мүшкіл ме?

Астананы екі рет басқарған, Қорғаныс министрі және Президент Әкімшілігінің басшысы болған Әділбек Жақсыбеков Назарбаев дәуіріндегі саясат пен ірі бизнесті қатар алып жүрген ең ықпалды тұлғалардың бірі еді. Кезінде Жақсыбековтер отбасының дәулеті 628 млн долларға бағаланды, ұлы Дәуреннің жеке капиталы 700 млн долларға жетті. Алайда кейін отбасының басты активі — «Цеснабанк» қолдан кетті. Қазір 72 жастағы экс-шенеунік мемлекеттік қызметте көрінбейді, бірақ оның аты жылжымайтын мүлік пен бұрынғы «Цесна» активтерінде әлі кездеседі, деп жазады Democrat.kz.

Әділбек Жақсыбеков мемлекеттік қызметке кәсіпкерліктен келген. Ол 1990-жылдары «Цесна» компаниясын құрып, кейін Астана әкімі, Индустрия және сауда министрі, Ресейдегі елші, Қорғаныс министрі және екі мәрте Президент Әкімшілігінің басшысы болды.

2018 жылы Назарбаев оны «зейнет жасына жетуіне байланысты» Президент Әкімшілігінен босатты. Сол күні дерлік Жақсыбеков өзінің бұрынғы бизнесіне оралып, «Цесна» корпорациясының директорлар кеңесін басқарды. 2020 жылы «ҚазТрансГаз» директорлар кеңесінің төрағасы болды, бұл қызметтен 2022 жылғы ақпанда кеткен. Қазір оның мемлекеттік лауазым атқаратынын растайтын дерек жоқ.

Жақсыбековтің қазіргі жеке байлығы қанша екені белгісіз. Forbes Kazakhstan оны 2026 жылғы ең бай 75 қазақстандықтың тізіміне енгізбеген. Ал 2015 жылы Жақсыбековтер отбасының дәулеті 628 млн долларға бағаланған. Ол кезде отбасы «Цеснабанк», «Цесна-Астық», инвестициялық және сақтандыру компанияларын біріктірген алып топты бақылаған.

Қазір бизнес көлемі бұрынғыдай емес. 2026 жылғы дерек бойынша Жақсыбеков «Адите» компаниясының жалғыз иесі. Компания жылжымайтын мүлікпен байланысты. Ол сондай-ақ Namar Management құрылымында және «Цесна» қаржы холдингімен байланысты активтерде көрінеді. «Цесна» корпорациясының қарамағында кезінде Астана мен Ақмола облысында 28 жер телімі және 49 жылжымайтын мүлік нысаны — қоймалар, депо, дүкен, бизнес-орталық және басқа нысандар болған.

Бірақ бұрынғы қаржы империясының бүгінгі жағдайы мүлде басқа. 2025 жылдың қорытындысында «Цесна» қаржы холдингінің жинақталған шығыны 104,8 млрд теңгеге жеткен, компания екі жыл қатарынан кіріс алмаған. Тіпті оның бас директорына 2025 жылғы жұмысы үшін бір теңге сыйақы есептелген.

Жақсыбеков тарихындағы ең даулы кезеңдердің бірі — «Цеснабанк». 2017 жылы банк қаржылық тұрақтылық бағдарламасы аясында 100 млрд теңге мемлекеттік қолдау алды. 2018 жылы Ұлттық банктен тағы 150 млрд теңге қысқамерзімді қарыз тартты. Сол жылы Үкімет пен Ұлттық банк банктің ауыл шаруашылығына берген 450 млрд теңгелік несие портфелін Проблемалық кредиттер қорына сатып алу туралы шешім қабылдады. 2019 жылы «Цеснабанк» жаңа инвесторға сатылып, кейін Jýsan Bank атанды.

Жақсыбековтің жалғыз ұлы Дәурен Жақсыбек те кезінде елдегі ең бай кәсіпкерлердің бірі болды. 2018 жылы Forbes Kazakhstan оның дәулетін 700 млн долларға бағалап, ең бай қазақстандықтардың арасында 7-орынға қойған. Ол ұзақ жылдар «Цеснабанкті» басқарды. Бірақ 2018 жылдан кейін Forbes-тің байлар рейтингінен көрінген жоқ.

2026 жылғы ашық деректер бойынша Дәурен Жақсыбектің Қазақстандағы белсенді бизнесі де едәуір қысқарған. Ол «Капитал Секьюритиз» компаниясында ғана көрсетіледі. Бұрын әкесімен бірге қатысқан Namar Management және тау-кен саласындағы Qazprom Minerals-пен байланысты активтердің бір бөлігі Жақсыбековтің жиені Саят Батпеновке өткен.

Әулеттің билікпен байланысы да назар аударады. Әділбек Жақсыбековтің туған інісі Серік Жақсыбеков кезінде Сенат депутаты болды. Ал әпкесі Гүлнар Батпенованың ұлы Саят Батпенов Астана мәслихатының VII шақырылым депутаты болған. Қазір оны «экс-депутат» деп көрсетеді. Яғни бүгін Жақсыбековтің жақын туыстарының жоғары мемлекеттік атқарушы қызметте отырғаны туралы расталған ашық дерек жоқ.

Бір қызық дерек: саясаткер ғана емес, Жақсыбеков шығармашылықпен де айналысқан. Ол Астана туралы кітаптар жазып, «Прыжок Афалины» және «Заговор Оберона» көркем фильмдерінің сценарийлеріне автор болған.

Осылайша, бір кезде құны жүздеген миллион долларға бағаланған «Цесна» империясын құрған Әділбек Жақсыбеков бүгінде мемлекеттік қызметтен кеткен. Оның нақты жеке дәулетін қазіргі ашық деректермен есептеу мүмкін емес. Бірақ Астанадағы жылжымайтын мүлік, Namar Management, «Адите» және «Цеснаның» қалған құрылымдары Жақсыбековтер отбасының бизнестен толық кеткен жоқ екенін көрсетеді.

Барлық жаңалықтар