Бір тоқсан бойы оқушының білімін бағалаған мұғалімдер тоқсан соңында күтпеген жағдайға тап болатынын мәлімдеді. Әлеуметтік желідегі жазбалар мектептегі бағаның шынайылығына күмән туғызып, ата-аналардың талабымен оқушының үлгерімі қолдан көтерілетіні туралы өткір мәселені қозғады, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде мұғалім Әсем Қуандықова бірінші тоқсанның қорытындысына қатысты жанайқайын жариялады.
«Екі ай бойы баланың шын білімін анықтап, бағасын соған сай қоюға тырыстық. Бірақ нәтижесінде оқыған баланың да, оқымаған баланың да бағасы аспан-кестен болды. Тіпті үшке оқитын бала бес алып үлгерді», – дейді педагог.
Оның айтуынша, мұғалімдер кейбір ата-аналардың қысымынан, алдағы жиналыста кінәлі болып қалудан қорқып, талап етілген бағаны қоюға мәжбүр болады.
«Бірақ сол бағаны алып отырған баланың: "Апай, сеніміңізді ақтау үшін келесі тоқсанда жақсы оқимын. Білімімді көтеріп, осы бағаға лайық боламын", – дегенін естімейміз», – деп жазды ол.
Жазбаға пікір білдірген өзге мұғалімдер де бұл жағдайдың кездесетінін растады. Бір педагог беске оқитын оқушының білімін тексеріп, әлсіз тұстарын ескерткен күннің өзінде ата-анасы қысым жасап, жоғары баға алуға тырысатынын жеткізді.
Тағы бір ұстаз үшке оқитын баланың ата-анасы төрттік талап еткенде, үздік оқитын балалардың еңбегі әділетсіз бағаланатынын айтты.
Ал кейбір ата-аналар мұндай көзқараспен келіспейді. Олар мұғалімнен жоғары баға талап етудің орнына баланың үлгеріміндегі кемшіліктерді анықтап, соны түзету қажет екенін алға тартқан.
Заң бойынша мұғалім бағаны өзгерте ала ма?
Қазақстанда оқушының тоқсандық бағасы ата-ананың қалауымен емес, белгіленген бағалау нәтижелері бойынша қойылуға тиіс.
Оқу-ағарту саласындағы №125 бұйрыққа сәйкес, тоқсандық баға формативтік бағалау, БЖБ және ТЖБ нәтижелерінің негізінде есептеледі. Қолданыстағы тәртіп бойынша олардың үлесі тиісінше 25, 25 және 50 пайызды құрайды.
Бағаны қайта қарауға заңды негіз болатын жағдайлар бар. Мысалы, жазбаша тоқсандық жиынтық бағалау нәтижесіне қатысты дау туындағанда педагогикалық кеңестің шешімі бойынша модерация жүргізіліп, жұмыс қайта тексерілуі мүмкін. Оның нәтижесінде балл жоғарылауы да, төмендеуі де ықтимал.
Бірақ бұл ата-ананың талабы үшін оқушының нәтижесін дәлелсіз көтеруге рұқсат береді деген сөз емес.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның 7-бабы мұғалімді лауазымды адамдар мен өзге тұлғалардың кәсіби қызметіне заңсыз араласуынан қорғайды.
Демек, ата-ананың көңілін табу немесе мектеп басшылығымен жанжалдаспау үшін бағаны негізсіз өзгерту заңда көзделген бағалау тәртібіне қайшы келеді.
Мұндай тәжірибе шынымен орын алса, оның зардабын тек мұғалім емес, оқушы да тартады. Өйткені жасанды жоғары баға баланың нақты білім деңгейін жасырады, ал адал еңбегімен жақсы оқыған балалардың жетістігін құнсыздандырады.
Ендеше, Оқу-ағарту министрлігіне қойылатын сұрақ бар: тоқсан соңында оқушылардың бағасын негізсіз көтеру фактілері тексеріле ме? Ата-аналар мен мектеп әкімшілігінің қысымынан мұғалімдерді қорғайтын қандай нақты тетік жұмыс істейді?
Егер мектепте үшке оқыған бала бес алып шығатын болса, білім сапасы туралы есептердің шынайылығына қалай сенеміз?
