Мектеп оқушыларын журналға жазылуға мәжбүрлеу туралы әлеуметтік желіде тараған жазба қызу талқыланып жатыр. Жұрт мұндай талаптың кімге тиімді екенін сұрап, білім саласындағы тағы бір күмәнді тәжірибеге назар аударды, деп жазады Democrat.kz.
Threads қолданушысы Салта Жұрымбетова мектептерде балаларды журнал сатып алуға міндеттеу туралы өткір жазба жариялады.
Автор «Балдырған» журналының бағасы мен оны оқушыларға ұсыну тәртібіне күмән келтіріп, шартты түрде миллиардтаған теңгенің есебін шығарған.
«100 теңгелік журналды 7500 теңгеге міндетті түрде сатып алғызуға болады. Биылғы бірінші сынып оқушылары 380 мың болса, 380 000 × 7500 = 2,85 миллиард теңге. Оның 76 миллионы баспаға кетсе, қалғаны қайда?» деген сауал тастайды ол.
Бұл — автордың болжамға негізделген есебі. Журналдың нақты сатылым бағасы, жазылым құны, таралымы және қаражаттың бөлінуі туралы мәліметтер бұл жазбада құжатпен расталмаған.
Алайда пікір жазған азаматтар мектептерде журналға жазылуды міндеттейтін жағдайлар бар екенін мәлімдеді.
Бір ата-ана баласы оқитын бірінші сыныпқа журнал алуды талап еткенін айтса, екіншісі сынып жетекшісінің ата-аналар чатына бес дана «Ақжелкен» журналына 41 675 теңге жинау қажеттігін жазғанын жеткізген.
«Мұғалімнің мардымсыз айлығына жабыспай, миллиондап жалақы алатын депутаттарға сатсын!» деп наразылық білдірген желі қолданушысы бұл талап мұғалімнің өзіне де ауыр тиетінін айтқан.
Тағы бір пікірде қазіргі балалар үшін баспа журналдарының қаншалықты қажет екені сұралған. Ал кейбір ата-аналар балаларға арналған басылымдарды сатып алу әр отбасының ерікті таңдауы болуы керектігін алға тартты.
Қазақстанда мұғалімдерді мерзімді басылымдарға мәжбүрлеп жаздыруға болмайтынын білім саласындағы бақылау органдары да ресми түсіндірген.
Ендеше, мектептерде ата-аналарға журнал сатып алу міндеттелсе, мұндай тапсырманы кім береді? Басылымға жазылудан бас тартқан балаларға немесе олардың ата-аналарына қысым жасалмай ма?
Ең бастысы, білім саласына жауапты мекемелер мектеп арқылы журнал тарату тәжірибесінің заңдылығы мен ашықтығын тексере ме?