«70% оқушыға өтірік баға қойдым»: Мұғалімнің жанайқайы білім саласындағы сұмдықты әшкереледі

«70% оқушыға өтірік баға қойдым»: Мұғалімнің жанайқайы білім саласындағы сұмдықты әшкереледі

Әлеуметтік желіде бір мұғалімнің тоқсандық бағаға қатысты ашық мойындауы қызу талқыға түсті. Оның жазбасынан кейін өзге педагогтер де шынайы баға қоюдан қорқатындарын, ата-аналар мен мектеп басшылығының қысымына тап болатынын айта бастады, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде мұғалімдердің бірі бірінші тоқсан аяқталған күні оқушылардың басым бөлігіне шынайы бағасын қоя алмағанын мәлімдеді.

«Бүгін барлық сыныптың қорытынды бағасын қойып шықтым. 70 пайыз оқушыға өтірік баға қойдым. Ештеңе өзгерткелі бар ертең, түсінік жазам. Таңғалмаймын, ішінде біртүрлі сезім болды, алғаш рет мен бұлай жұмыс істегім келмейді деген. Мен қоймауыма да болар еді, шынайы бағасын қойып та, бірақ өмірім қиындап кететінін түсініп тұрм. Балаға сенің бағаң жетпейді деп айта алмаймын, ата-ананы қоспағанда күн сайын жұмыстан шыққым келетін желанием үлкейіп бара жатқан сияқты», – деп жазды педагог.

Бұл жазбаға өзге мұғалімдер де үн қатып, бағалау жүйесіндегі күрделі жағдайларды ашық баяндады.

«Байқаусызда қойып алып өзгерттім. Ертең педсоветте елдің алдында ұрыс еститін болдым. Бірақ бірден жазып кеттім түсініктемесін», – дейді мұғалімдердің бірі.

Тағы бір педагогтің айтуынша, кейбір оқушыларға лайықты бағасын қоюдың өзі қиынға айналған.

«БЖБ-ға қоймайтын, тіпті келмеген баланы "А" ауырды деп белгілеуге де билік жоқ. Әкімшілік бір қысады, ата-ана бір қысады. Таза выживаниеде жүрміз», – деп жазды ол.

Ал басқа ұстаз өзінің шынайы баға қойғанын, бірақ енді педагогикалық кеңесте түсініктеме беруге мәжбүр боламын деп алаңдап отырғанын жеткізді.

Пікірлер арасында мұндай тәжірибенің дұрыс емес екенін айтып, оқушылардың білімін әділ бағалауға шақырған педагогтер де бар.

Дегенмен бұл жазбалар білім саласындағы аса маңызды мәселені көтеріп отыр. Егер мұғалім оқушының нақты білімін емес, ата-ананың көңілін, мектеп басшылығының талабын немесе өзінің тыныштығын ойлап баға қоюға мәжбүр болса, білім сапасының шынайы көрсеткіші қайда қалады?

Оқушының бағасын негізсіз көтеру білімдегі олқылықтарды жасырып, келесі сыныпта оның оқуын қиындатуы мүмкін. Ал мұғалімнің еркін шешім қабылдауына қысым жасалса, әділ бағалау қағидасының өзі мәнін жоғалтады.

Қазақстанда оқушылардың жетістігін бағалау бекітілген талаптарға сәйкес жүргізілуге тиіс. Сондықтан тоқсандық бағаны ата-ананың талабымен немесе әкімшіліктің қысымымен негізсіз өзгертуге жол берілмеуі керек. Алайда әлеуметтік желідегі шағымдар нақты мектептерде тексеріліп, расталуы қажет.

Осы орайда Оқу-ағарту министрлігіне де сұрақ туындайды: мектептерде тоқсандық бағалардың негізсіз өзгертілуіне бақылау бар ма? Шынайы баға қойғаны үшін қысым көрген мұғалімді кім қорғайды? Ал жалған жоғары бағалардың артында жасырынып қалған білім сапасын кім анықтайды?

 

Барлық жаңалықтар