Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты тағы бір жаңа дерек шықты

Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты тағы бір жаңа дерек шықты

Белгілі композитор Арман Дүйсеновтің 21 жастағы ұлы Абылайдың жұмбақ өліміне қатысты күтпеген жағдай анықталды. Екі жылға жуық уақыт бойы жалғасқан істің қайта тергелуіне не себеп болғаны белгілі болды, деп жазады Democrat.kz.

2024 жылғы 7 қазанда Абылай Дүйсен Алматыдағы пәтерінен асылған күйінде табылған. Алғашқы тергеуде оның қомақты қарызға байланысты өзіне қол жұмсағаны туралы нұсқа қарастырылған.

Алайда «Время» газетінің жазуынша, кешенді сот сараптамасының қорытындысы бұл нұсқаға күмән келтірген. Сарапшылар қолы арқасына мықтап байланған адамның өздігінен басын тұзаққа өткізуі физикалық тұрғыдан мүмкін емес деген тұжырымға келген.

Марқұмның анасы Айсұлу Алпысбаева ұлының өліміне қатысты көптеген күмәнді жайт әлі анықталмағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін Санжар Мұқаш есімді азамат Абылайдың өзіне 48 миллион теңге қарыз екенін айтып, ақшаны қайтаруды талап еткен. Кейін отбасы тұрып жатқан пәтерге байланысты сот дауы басталған.

Іс материалдарындағы хат алмасуларда «Вампир» лақап атымен белгілі тағы бір адамның есімі кездеседі. Марқұмның анасы бұл адамның қарызға қатысын және оқиғаның барлық мән-жайын тексеруді талап етіп отыр.

Адвокаттар тергеу барысында маңызды дәлелдер толық зерттелмегенін алға тартқан.

ІІМ тексерісінен кейін бұрын тоқтатылған қылмыстық іс қайта тергеле бастады. Алайда тергеу әзірге өзіне қол жұмсау дерегі бойынша жүргізілуде. Марқұмның отбасы кісі өлтіру нұсқасын да жан-жақты тексеруді сұрайды.

Әзірге Абылай Дүйсеннің өліміне өзге адамдардың қатысы бар екені дәлелденген жоқ. Іс бойынша түпкілікті шешім қабылданбаған.

Дереккөз: «Время» газеті.

 

Барлық жаңалықтар