«Бағаны өзгертсең, түсініктеме жазасың!»: Мұғалімдер мектептегі жаңа талапқа наразы

«Бағаны өзгертсең, түсініктеме жазасың!»: Мұғалімдер мектептегі жаңа талапқа наразы

Тоқсандық баға төңірегіндегі дау жаңа сипат алды. Әлеуметтік желіде мұғалімдер электронды журналдағы бағаны өзгерту мәселесіне қатысты түрлі жағдайды айтып, мектеп әкімшілігінің бақылауына наразылық білдіруде. Кей педагогтердің сөзінше, бағаны түзетудің өзі қиындыққа айналған, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде тоқсандық бағаларды өзгертуге қатысты қызу пікірталас басталды. Жазба авторы BilimClass жүйесіндегі бағаларды түзету тәртібіне назар аударған.

Платформаның ресми нұсқаулығында қорытынды баға автоматты түрде ұсынылатыны, ал қажет болған жағдайда мұғалім оны қолмен өзгерте алатыны көрсетілген. 2026–2027 оқу жылына арналған жаңа тәртіп бойынша белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін баға қою немесе түзету үшін түсініктеме сипатындағы пікір енгізу қажет.

Алайда мұғалімдердің айтуынша, мәселе тек электронды жүйемен шектелмейді.

«Баға өзгертсең, түсініктеме жазғызып қояды. Завуч жоғарыдан статистика алып отырып тексеріп отырады», – дейді пікір қалдырған педагогтердің бірі.

Тағы бір мұғалім электронды журналдағы өзгерістер мектеп әкімшілігіне көрінетінін айтып, өзгертулердің қадағаланатынын жеткізген.

Ал өзге қолданушы бұрын он балдың орнына екі балл енгізіп, кейін түзеткенін, сол үшін түсініктеме жазуға дайын болғанын баяндады.

Пікірлердің бірінде бағаны өзгертуге белгіленген мерзім берілетіні, ал мерзім аяқталғаннан кейін түзету үшін қосымша түсіндірме қажет екені жазылған.

Бұл жерде екі мәселені ажырату маңызды. Біріншісі – техникалық қатені түзету. Екіншісі – оқушының нақты біліміне сәйкес келмейтін бағаны негізсіз көтеру немесе төмендету.

Бағаның өзгертілуін бақылау өздігінен заңсыз емес. Керісінше, электронды журналдағы өзгерістердің тіркелуі бағалаудың ашықтығын қамтамасыз етуге көмектесуі мүмкін. Бірақ мектеп әкімшілігі бұл тетікті мұғалімге негізсіз қысым жасау үшін пайдаланбауға тиіс.

Ең маңызды сұрақ та осында: бағаны түзеткен педагогтен қандай жағдайда жазбаша түсініктеме талап етіледі? Ол талап ресми ережеге сүйене ме, әлде мектеп басшылығының өз бастамасы ма?

Осыған дейін әлеуметтік желіде мұғалімдер тоқсан соңында ата-аналар мен әкімшіліктің қысымынан оқушыларға шынайы бағасын қоя алмайтынын да мәлімдеген еді.

Енді электронды журналдағы әр өзгеріс бақылауға алынған жағдайда, мұғалімнің кәсіби дербестігі мен бағалау әділдігі қалай қамтамасыз етіледі?

Оқу-ағарту министрлігі мен білім басқармалары осы мәселеге нақты түсініктеме беруге тиіс. Өйткені бағалауды бақылаудың мақсаты мұғалімді қорқыту емес, оқушы білімінің әділ бағалануын қамтамасыз ету болуы керек.

Барлық жаңалықтар