Мыс өңдеудің жаңа әдістемесі бекітілгеннен кейін KAZ Minerals 1,8 млрд долларға зауыт құрылысын бастады

Мыс өңдеудің жаңа әдістемесі бекітілгеннен кейін KAZ Minerals 1,8 млрд долларға зауыт құрылысын бастады

Ақтоғайдағы мыс балқыту зауытының құрылысына 1,8 млрд доллар инвестиция салынады. KAZ Minerals тобы жүзеге асырып жатқан жоба жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруді көздейді. Кәсіпорынның алғашқы өнімін 2030 жылы шығару жоспарланып отыр.

Құрылысқа мемлекеттік қолдау көрсету және ықтимал қаржыландыру мәселелері де қарастырылуда. Жоба Қазақстанның 17 ірі серпінді бастамасының қатарына және Республикалық индустрияландыру картасына енгізілген. Сонымен қатар Қазақстанның Даму Банкі ұзақ мерзімді қаржыландыруға қатысуы мүмкін. Бірақ банктің несие беру туралы түпкілікті шешімі жарияланған жоқ.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев жобаның басталуымен қатар қабылданған жаңа тарифтік әдістеменің маңызын атап өтті.

20 қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мыс концентратын қайта өңдеу тарифін анықтаудың жаңа тәртібін бекіткенін хабарлады. Әдістеме өндірістік шығындар мен нормативтік пайданы есепке алумен қатар, кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа зауыттар салуға жұмсалатын инвестицияларды да ескеруге жол ашады.

Осы өзгерістер қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын жоспарлауына және инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалауына әсер етуі мүмкін. Олжаевтың бағалауынша, мемлекет тарапынан енгізілген жаңа жағдайлар Қазақстанда мыс өңдеу өндірісін дамытуға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

KAZ Minerals үшін бұл мәселенің маңызы зор. Компания 2017 жылы Қазақстанда жеке мыс балқыту зауытын салудан бас тартып, концентратты Қытайдағы өндіріс орындарында өңдеуді таңдаған болатын. 2024 жылы жоба қайта қолға алынып, оның құны 1,5 млрд доллар деп жарияланды.

Қазір инвестиция көлемі 1,8 млрд долларға жетті. Сонымен қатар алғашқы өнімді шығару мерзімі 2030 жылға ауысты.

Жаңа әдістеме мен мемлекеттік сүйемелдеудің жобаға нақты қаншалықты әсер ететіні әзірге белгісіз. Дегенмен, Ақтоғайдағы кәсіпорын Қазақстанда мыс концентратын тереңірек өңдеу және дайын металл өндірісін дамыту бағытындағы ірі жобалардың бірі болмақ.

Барлық жаңалықтар