«40 жыл бала оқытқан ұстаздар қайда?»: Тиктокердің медалі жұрттың ашуын туғызды

«40 жыл бала оқытқан ұстаздар қайда?»: Тиктокердің медалі жұрттың ашуын туғызды

Танымал тиктокер, стимердің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Өнер иесінің қуанышына ортақтасқандар да бар. Алайда көпшілік мемлекеттік марапаттың кімге және қандай еңбегі үшін берілетініне қатысты өткір сұрақтар қойып жатыр, деп жазады Democrat.kz.

Республика күні қарсаңында әнші Анара Батырхан «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталғанын Instagram парақшасында жариялады.

Әнші бұл күнді өміріндегі ерекше әрі ұмытылмас сәттердің бірі деп атап, марапатты Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Алматы қаласының әкімінің қолынан алғанын жазған.

«Бұл мен үшін жай ғана медаль емес. Бұл өнер жолында жүріп өткен жылдарымның, маңдай терімнің, табандылығым мен еңбегімнің бағалануы. Бұл – арманға адал болып, ешқашан берілмеудің нәтижесі», – деп жазды өнер иесі.

Алайда әншінің қуанышты жаңалығының астында күтпеген пікірталас басталды. Желі қолданушылары оның өнердегі еңбегін бағалаудан бұрын, мемлекеттік марапаттың қандай өлшеммен берілгеніне күмән келтірді.

«ТикТокта отырып қандай ерен еңбек сіңірді?»

Пікір жазғандардың бір бөлігі Анара Батырханның мемлекеттік наградаға лайық қандай ерекше еңбегі бар екенін сұраған.

«Дәл айттыңыз, фонограммамен ән айтқандар қай еңбегі үшін марапатталуда?» – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір пікір иесі әншінің TikTok-тағы белсенділігін алға тартып:

«Қашан көрсем, ТикТокта отырады, қандай ерен еңбек үшін берілді екен, мүмкін мен білмейтін шығармын», – деп жазған.

Бұл пікірлерге өзгелер де қолдау білдірген.

Әсіресе мемлекеттік медальдің атауындағы «ерен еңбек» ұғымы көпшіліктің назарын аударған.

«40 жыл ұстаз болғандар қайда қалды?»

Пікірталастың ең өткір тұсы — әншінің марапатын ондаған жыл бойы білім, медицина, өндіріс және қауіпсіздік салаларында еңбек еткен адамдардың қызметімен салыстыру.

Желі қолданушыларының бірі:

«40 жыл ұстаз болғандар, 6–7 сағат үзбей ота жасаған кардиологтар, күн көрмеген шахтерлар, шекара күзеткен, үйі үй емес, застава болған шекарашылар, жетімге ана болып, қарттарға үйіне жылу берген қызметкерлер... Ерен еңбегі бірінші сіздерден ұят!» – деп наразылығын білдірген.

Бұл пікір 4 мыңнан астам қолдау жинаған.

Тағы бір желі қолданушысы да осы мәселені көтеріп, мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбегіне назар аудартқан.

«Өте орынды айтасыз. ТикТокта отырып ерен еңбегі деген салыстырмалы тұрғыдан алғанда, 7 сағат тік тұрып білім берген ұстаздан, докторлардан ұят екен», – деп жазған ол.

Бұл пікірге де жүздеген адам қолдау білдірген.

Ал тағы бір оқырман:

«Өте дұрыс айттыңыз, жай тойларда ән айтып, өзінің қамын ойлаған адамды біздің Үкімет ерен еңбекпен салыстырғаны дұрыс болмады», – деген пікір қалдырған.

Халық әншілерге берілген марапатқа неге наразы?

Бұл жерде мәселе Анара Батырханның әншілік қабілетінде немесе оның өнер жолында қанша еңбек еткенінде ғана емес.

Пікірлерден байқалған басты наразылық — мемлекеттік наградаларға ұсынылатын азаматтарды іріктеу өлшемдерінің қоғамға қаншалықты түсінікті екені.

Мысалы, шахтада жұмыс істейтін кеншінің еңбегі денсаулығына төнетін қауіппен, дәрігердің жұмысы адам өміріне тікелей жауапкершілікпен, мұғалімнің қызметі ұрпақ тәрбиесімен байланысты.

Ал өнер саласының өкілдері елдің мәдени дамуына қосқан үлесі арқылы бағалануы мүмкін.

Бұл мамандықтардың бірін екіншісінен жоғары қоюға негіз жоқ. Дегенмен мемлекеттік награда табысталғанда марапат иесінің нақты қандай жетістігі үшін таңдалғаны ашық көрсетілсе, қоғамдағы күмән де азаяр еді.

Өйткені марапаттың беделі оны алған адамның танымалдығымен емес, сіңірген еңбегінің қоғамдық маңызымен өлшенуі тиіс.

Президент түрлі сала қызметкерлерін марапаттады

Айта кетейік, 23 қазанда Ақорда Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар қазақстандық мемлекеттік наградалармен марапатталғанын хабарлады.

Марапат иелерінің қатарында жұмысшы мамандықтарының өкілдері, өндіріс қызметкерлері, педагогтер, дәрігерлер, ғалымдар, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері және өнер қайраткерлері бар.

Сондықтан мұғалімдер мен дәрігерлер мүлде марапатталмайды деген тұжырым шындыққа сәйкес келмейді.

Алайда халықтың наразылығы өзге мәселеге тіреліп отыр: күнделікті ауыр еңбекпен айналысатын, көпшілікке танымал емес азаматтардың еңбегі жеткілікті дәрежеде бағаланып жүр ме?

«Ерен еңбек» дегеннің өлшемі қандай?

Анара Батырханның марапатталуына қатысты пікірлер мемлекеттік наградалардың берілу тәртібі жөніндегі бұрыннан бар қоғамдық сұрақтарды қайта жаңғыртты.

Өнер иесінің медаль алуына қарсылық білдіргендер оның марапатының заңсыз екенін дәлелдеген жоқ. Сонымен қатар әншінің нақты қандай шығармашылық жетістіктері марапаттауға негіз болғаны жөнінде толық мәлімет жұртшылыққа ұсынылса, пікірталастың мазмұны да өзгеруі мүмкін.

Бірі әншіні құттықтаса, екіншісі еңбек адамдарының көлеңкеде қалып жатқанына қынжылады.

Бұл дау тек бір әншінің төңірегіндегі әңгіме емес. Бұл — қоғамның мемлекеттік марапатқа деген сенімі мен әділдік туралы түсінігіне қатысты мәселе.

Ендеше мемлекеттік наградаға ұсынылатын азаматтарды іріктеу кезінде нақты еңбегі мен жетістігіне қатысты ақпаратты барынша ашық жариялау қажет емес пе?

Барлық жаңалықтар