Мұғалімдер енді тек бала оқытумен шектелмей, мектептің қағазын сатып алып, принтерін жөндетіп, сыныптың керек-жарағын өз ақшасына түгендеуге мәжбүр ме? Әлеуметтік желіде педагогтердің жанайқайы көбейді. Олардың жазбаларында білім саласындағы көпшілік біле бермейтін келеңсіз жағдайлар айтылды, деп жазады Democrat.kz.
«Мұғалімнің міндеті — білім беру. Мектепті өз жалақысымен жабдықтау емес!»
Threads әлеуметтік желісінде жарияланған осы жазба ұстаздар арасында қызу талқыға түсті. Жазба авторы мектептердегі кеңсе тауарлары мен оқу құралдарының тапшылығына назар аударып, қарапайым А4 қағазының өзін мұғалімдер неге өз ақшасына сатып алуы керектігін сұрады.
«Басқа мамандық иелері А4 қағазын өз ақшасына сатып алмайды. Өйткені жұмыс орнын қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету — мекеменің міндеті. Ал мұғалімдер неге өз қалтасынан А4 қағаз сатып алуы керек?» – деп жазды ол.
Автор мұнымен шектелмей, мектептегі күнделікті шығындардың бір бөлігін педагогтер көтеріп жүргенін алға тартқан.
«Тест — мұғалімнен. Үлестірме материал — мұғалімнен. Принтер — кейде мұғалімнен. А4 қағазы да — мұғалімнің қалтасынан... Сонда мұғалім сабақ беретін маман ба, әлде мектепті кеңсе тауарларымен қамтамасыз ететін демеуші ме?» – дейді жазба иесі.
Бұл пікірді қолдаған педагогтер өз мектептеріндегі жағдайды жарыса жаза бастады.
«Принтерің бар ма, қағазың бар ма деп сұрайтын адам жоқ»
Желі қолданушыларының бірі мектеп әкімшілігінің мұғалімдерден есеп пен құжатты талап еткенде, оны дайындайтын құрал-жабдықтың бар-жоғын ескермейтінін айтқан.
«Өте дұрыс. 1040 қағаз сұратады. Қайдан алып жатырсың? Қағазың бар ма? Принтерің бар ма деп сұрайтын адам жоқ», – деп жазды ол.
Тағы бір педагогтің айтуынша, кейбір мектептерде мұғалімдер қажетті заттарды кезекпен өздері сатып алып жүреді.
«Біз де бірін өзіміз сатып алып жүрміз», – деген пікір қалдырған желі қолданушысы.
Ал басқа ұстаз мектеп шығындарының тізімі қарапайым қағаз бен принтерден әлдеқайда ұзақ екенін жеткізді.
«Мектептің жөндеу жұмыстары, компьютер жөнделуі, принтер, интер тақта бұзылса, бор, А4 қағаз, бөлме гүлдері, уборкаға қажетті парашок, фери болсын — бәрі-бәрі мұғалімнің өзінен шығады ғой. Онымен қоса анаған, мынаған деп ай сайын жинайтын ақшалары көп», – деп жазды ол.
Егер бұл мәлімдемелер расталса, мәселе жекелеген кеңсе тауарларының тапшылығынан әлдеқайда күрделі болуы мүмкін.
Өйткені оқу процесіне қажетті құралдарды сатып алу мен мектептің шаруашылық шығындарын педагогтердің жеке қаражаты есебінен жабу — екі бөлек мәселе.
«Тіпті кабинеттің жалюзиін де мұғалім сатып алады»
Талқылауда ерекше назар аудартқан пікірлердің бірі мектеп кабинеттерін жабдықтауға қатысты болды.
«Тіпті кабинеттегі жалюзи мұғалімнің қалтасынан, информатика кабинетінде оқушылар бұзып кеткен компьютер мен клавиатураларды да мұғалім өз қалтасынан шығарып жөндейді. Шыны керек, айлықты кабинеттегі бір жыртықты жамау үшін күтеміз», – деп жазды пікір иесі.
Тағы бір мұғалім еңбек кабинетіне қажетті заттарды сатып алуға ай сайын ақша жұмсайтынын жеткізген.
«А4, принтер, оқушылар еңбек құралын әкелмеген соң өзіміз алдық. Класқа гүл алдым. Еңбек пәні мұғалімі болғасын, түрлі еңбек құралдарын аламыз. Сайысқа шығу үшін біраз ақша кетеді. Ал алатын айлығың 300 мыңға жетпейді», – деп жазды ол.
Бұл пікірлер педагогтердің жалақысы мен жұмысқа жұмсайтын жеке шығындарының арақатынасына қатысты маңызды мәселе көтереді.
Мұғалімнің жалақысы — атқарған еңбегінің ақысы. Ал мектептің қажеттіліктерін өтеу үшін қарастырылған қаржыландыру одан бөлек жүргізілуі тиіс.
«Оқу ісінің меңгерушісі әр мұғалімге салық салды»
Әлеуметтік желіде бұдан да күрделі жағдай туралы жазғандар бар.
Бір қолданушы мектепті бітірер кезде оқу ісінің меңгерушісі сынып жетекшілерін жинап, олардың әрқайсысына белгілі бір заттарды сатып алуды тапсырғанын еске алған.
«Сен принтер, сен қағаз, сен ноутбук деп арасында ең жас мен болдым. Тең жартысын айтылған заттың үйден әкеліп иттей болғанмын», – деп жазған ол.
Алайда әлгі заттар кейін қайтарылмағанын айтқан.
Оның сөзінше, емтихан қабылдауға келген үлкен мұғалімдер олардан ештеңе талап етпей, керісінше, су мен тамақ әкеліп, қамқорлық көрсеткен.
Бұл жазбада айтылған жағдайдың қай мектепте, қашан болғаны нақтыланбаған. Сондықтан оны нақты білім ұйымында дәлелденген заңбұзушылық ретінде көрсетуге болмайды.
Дегенмен мұндай шағымдар мұғалімдердің әкімшілік тапсырмаларды орындау кезінде өз қаражатын жұмсауға қаншалықты мәжбүр болатынын зерттеу қажеттігін көрсетеді.
Заң мұғалімге зат сатып алуды міндеттеуге тыйым салады
Ең қызығы, педагогтер көтеріп отырған бұл мәселенің жауабы заңда жазылған.
Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңының 6-бабында жұмыс беруші мұғалімнің кәсіби қызметін жүзеге асыруына қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті екені көрсетілген.
Осы бапқа сәйкес, педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу міндетін жүктеуге жол берілмейді.
Ал заңның 7-бабында мұғалімнің кәсіби қызметіне қажетті ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуге құқығы бар екені бекітілген.
Бұл дегеніміз — педагогке өз ақшасына қағаз, принтер немесе басқа да мектеп жабдығын сатып алуды міндеттеу заң талаптарына қайшы келуі мүмкін.
Әрине, мұғалім жеке бастамасымен оқу процесіне қосымша материал алуы мүмкін. Бірақ ерікті сатып алу мен мектеп әкімшілігінің міндеттеуі бір нәрсе емес.
Сондай-ақ оқушы бүлдірген жабдықтың құнын мұғалімнің қалтасынан өндіріп алу үшін оның материалдық жауапкершілігі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденуі қажет. Жабдықтың бүлінгені үшін мұғалім автоматты түрде жауапты болмайды.
Мектепке бөлінген ақша қайда жұмсалады?
Мәселенің ең маңызды тұсы — мемлекеттік мектептердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі.
«Білім туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жасау мен дамыту бюджет қаражаты және заңнамада рұқсат етілген өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
Демек, мектептің күнделікті қажеттіліктерін жабу үшін тиісті қаржы көздері қарастырылуы тиіс.
Бірақ әлеуметтік желідегі шағымдарға қарағанда, кейбір білім ұйымдарында мұғалімдер ең қарапайым кеңсе тауарларын да өздері сатып алуға мәжбүр болып жүргенін айтады.
Сонда туындайтын сұрақтар бар.
Мектептердің кеңсе тауарларына жыл сайын қанша қаражат бөлінеді? Бұл қаржы нақты қандай қажеттіліктерге жұмсалады? Қағаз, принтер, картридж және басқа да оқу құралдары неге мұғалімнің жеке шығынына айналып отыр?
Мектеп басшылығы қажетті жабдықтарды уақытында сатып алмай ма, әлде бөлінген қаражат жеткіліксіз бе?
Бұл сұрақтарға білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері нақты қаржылық деректер арқылы жауап беруі қажет.
Әзірге әлеуметтік желідегі жазбалар бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалғанын дәлелдемейді. Бірақ шағымдардың мазмұны қаржыландыру мен сатып алу жүйесін тексеруге негіз бола алады.
Мұғалім мектептің демеушісі емес!
Бүгінде педагогтерден сапалы білім, жоғары нәтиже, құжаттың уақытында толтырылуы және оқушының жан-жақты дамуы талап етіледі.
Ал сол талаптарды орындауға қажетті қарапайым құралдар мектепте болмаса, оған кім жауап беруі керек?
Мұғалім өз жалақысынан қағаз сатып алып, принтер жөндетіп, сыныпқа қажетті заттарды түгендеп жүрсе, бұл педагог мәртебесінің іс жүзінде қалай қорғалып отырғаны туралы маңызды сұрақ туғызады.
Әлеуметтік желіде жарияланған шағымдардың әрқайсысы жеке тексеруді қажет етеді. Бірақ олардың көтеріп отырған ортақ мәселесін елемеуге болмайды.
Мұғалімнің міндеті — балаға білім беру.
Ал мектептің материалдық-техникалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету — білім ұйымы мен оны қаржыландыруға жауапты тараптардың міндеті.
Ендеше заңда педагогке тауар сатып алу міндетін жүктеуге тыйым салынған болса, мұғалімдер неге әлі күнге дейін өз қалтасынан ақша шығарып жүргенін айтып, шағымдануға мәжбүр?