"Сең қозғалды": Мұғалімдерді қағазбастылықтан түбегейлі босатпақ

"Сең қозғалды": Мұғалімдерді қағазбастылықтан түбегейлі босатпақ

Мұғалімдерді бітпейтін есеп-қисап пен артық жиналыстардан босатуға байланысты Өзбекстан билігі білекті сыбанып кірісті. Көрші елде педагогтің уақытын қағазға емес, оқушыға арнауына жағдай жасау мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп отыр. Ал Қазақстанда мұғалімдер әлі де артық құжат пен толассыз тексеріске шағымданып келеді, деп жазады Democrat.kz.

Өзбекстанның білім және ғылым министрі Эркинжон Турдимов білім беру жүйесіндегі бюрократиялық жүктемені қысқартуға бағытталған бастамаларды талқылады.

16 қазанда өткен жиында мұғалімдердің қоғамдағы беделін көтеру, артық қағаз жұмыстарынан босату және білім беру басшылығы өткізетін жиналыстар санын едәуір азайту мәселелері қаралды.

Басты мақсат – педагогтердің уақытын есеп толтыруға емес, сабақ сапасын жақсартуға, әр баланың қабілетін дамытуға жұмсау.

Ең қызығы, Өзбекстан бұл мәселені сөз жүзінде ғана қалдырмай, мектептердегі нақты жағдайды зерттеуге көшкен.

23 қазанда жарияланған ресми ақпаратқа сәйкес, министр құрған жұмыс тобы Самарқанд облысындағы мектептер мен балабақшаларда қолданыстағы бұйрықтар мен нормативтік талаптардың қалай орындалып жатқанын тексерген.

Мамандар мұғалімдерден қандай құжаттардың уақытты босқа алатынын, қай талаптардың күнделікті жұмысты қиындататынын сұраған. Министр тәжірибелі педагогтермен бірлесіп, нормативтік құжаттарды қайта қарап, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған.

Бұл бастаманың қажеттігін халықаралық зерттеу де көрсетеді. OECD ұйымының TALIS-2024 деректеріне сәйкес, Өзбекстандағы негізгі орта білім мұғалімдері әкімшілік жұмыстарға аптасына орта есеппен 4,2 сағат жұмсайды.

Әзірге өзгерістердің толық тізімі мен жүзеге асырылатын мерзімі жарияланған жоқ. Сондықтан көрші елдің қағазбастылық мәселесін түбегейлі шешкенін айту ерте.

Дегенмен Өзбекстандағы бастама Қазақстан үшін де ойланарлық.

Біздің елімізде педагогтер электронды журнал, түрлі есеп, мониторинг, ашық сабақ, семинар және толассыз комиссиялық тексерістер негізгі жұмысына кедергі келтіретінін айтып жүр.

Мұғалімдердің айтуынша, кей мектептерде бір құжат бірнеше жүйеге қайта енгізіледі. Тіпті өткізілген тәрбиелік іс-шараның нәтижесінен гөрі фотосуреті мен есебі маңызды болып кеткен жағдайлар бар.

Осы тұста Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға да нақты сұрақ туындайды.

Өзбекстан мұғалімнің жұмысын жеңілдетудің жолын іздеп жатқанда, Қазақстан педагогтерінің артық есеп пен құжаттан қашан қолы босайды?

Білім сапасын көтерудің алғашқы шарты – мұғалімге сабақ беруге жеткілікті уақыт қалдыру емес пе?

 

Барлық жаңалықтар