"Мұғалімдер алжып кетеді" деген педагог министр Сүлейменоваға үндеу жасады

"Мұғалімдер алжып кетеді" деген педагог министр Сүлейменоваға үндеу жасады

Әлеуметтік желіде бастауыш сынып мұғалімі педагогтердің зейнет жасын төмендетуді сұрап, білім саласындағы тоқтаусыз өзгерістерден әбден қажығанын айтты. Ұстаз жаңа бағалау жүйесін сынға алып, жұмыстың ауыртпалығы отбасылық өміріне де әсер еткенін жасырмады, деп жазады Democrat.kz.

38 жастағы бастауыш сынып мұғалімі білім саласындағы реформалар мен педагогтерге түсетін жүктеменің ауырлығын айтып, ұстаздарды 55 жастан зейнетке шығару мәселесін көтерді. 63 жаста мұғалімнің миы ашып, алжып кететінін жасырмаған тиктокер педагог министрге үндеу жаасады. 

«Мұғалімдерге 55 жасында зейнетке шығуға мүмкіндік беріңізші. Жасы үлкен педагогтерге қарап отырамын, оларға шынымен өте қиын. Олар жастармен қатар жұмыс істеуге тырысады, бірақ өздері де қиналатынын мойындайды. Тіпті 38 жастағы маған да қиын», – деді ол.

Мұғалімнің айтуынша, педагогтерді қажытатын басты мәселелердің бірі – бітпейтін реформалар мен бағалау жүйесіндегі өзгерістер.

Әсіресе бастауыш сыныптарда музыка, еңбекке баулу және бейнелеу өнері пәндерінен бағалау жүргізу қосымша салмақ түсірген.

«Балалар сурет салады. Әрқайсысы кем дегенде 12–14 балл алуға тырысады. Бұл өнерге деген қызығушылық емес, баға қуалауға айналып бара жатқандай», – деп қынжылды ұстаз.

Ол математика пәнінен орындалатын жұмыстарды арнайы дәптерге түсіру талаптарының да мұғалім уақытын алатынын жеткізді.

Педагог Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың білімділігіне күмән келтірмейтінін, алайда қабылданған өзгерістер мектептегі күнделікті жұмыстың ерекшеліктерін толық ескермейтіндей көрінетінін айтты.

«Жұлдыз Сүлейменова өте сауатты, ғылыми дәрежесі бар адам. Бірақ, меніңше, мектептегі нақты практикасы жетіспейтін сияқты. Бәрін қиындатып жіберді. Қазір маған өте қиын», – деді мұғалім.

Ең ауыр тұсы – педагог кәсіби қажудың жеке өміріне де әсер еткенін ашық айтқан.

Оның сөзінше, психологиялық жағдайы күрделенгендіктен, күйеуі мен балалары уақытша бөлек тұруға кеткен. Қазір ол үйде жалғыз қалғанын жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстанда ер адамдар 63 жаста, әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Ал 2026–2027 оқу жылынан бастап бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ-ның орнына жаңа бағалау тәртібі енгізілді.

Мұғалімнің жанайқайы білім саласындағы маңызды мәселені қайта көтерді: реформалар оқушының білімін жақсартуға бағытталғанымен, олардың педагогтің жұмыс жүктемесіне және психологиялық жағдайына ықпалы қаншалықты ескеріліп отыр?

Ұстаздарды 55 жаста зейнетке шығару ұсынысы да осы тұрғыдан талқылауды қажет етеді. Өйткені мұғалімнің кәсіби қажуын тек жасымен түсіндіруге болмайды. Жұмыс жағдайы, әкімшілік жүктеме мен психологиялық қолдау да маңызды.

Барлық жаңалықтар