Қазақстанда дәрігер тапшылығы 20,4%-ға азайды

Қазақстанда дәрігер тапшылығы 20,4%-ға азайды

Қазақстанда дәрігерлерге деген қажеттілік 2023 жылмен салыстырғанда 20,4%-ға төмендеді. Ауылдық жерлерде тапшылықтың азаю қарқыны одан да жоғары болып, 28,3%-ды құрады, деп жазады Democrat.kz⁠.

Үкіметтің мәліметінше, қазір еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың шамамен 84 мыңы — дәрігерлер.

Соңғы бес жылда Қазақстанда 1 003 жаңа медициналық нысан ашылған. Олардың қатарында 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, сондай-ақ ғылыми және оңалту орталықтары бар. Жаңа нысандардың 655-і ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аясында іске қосылған.

Ауылға маман тарту үшін әлеуметтік қолдау шаралары да қолданылып келеді. 2025 жылы 529 ауылдық жерде жұмыс істейтін тапшы мамандық дәрігеріне 8,5 млн теңгеден біржолғы төлем берілген. Бұған қоса, медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары кеңейтілген.

Дегенмен кадр тапшылығының азаюы барлық өңірде мәселе толық шешілді дегенді білдірмейді. Дәрігерлерді даярлау сапасы, мамандарды өңірлерге әділ бөлу және олардың ауылда ұзақ мерзім жұмыс істеуіне жағдай жасау өзекті болып қала береді.

Барлық жаңалықтар