Алматыда электросамокатпен жүру 80 пайызға азайды

Алматыда электросамокатпен жүру 80 пайызға азайды

Қазақстанда электросамокаттарды пайдалануға енгізілген жаңа шектеулер жалға беру нарығына қатты әсер етті. Алматыдағы ірі операторлардың мәліметінше, бір айдан астам уақыт ішінде самокатпен жасалатын сапарлар саны шамамен 78–80 пайызға қысқарған, деп жазады Democrat.kz.

25 тамыздан бастап Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану тәртібі қатаңдатылды.

Жаңа ережеге сәйкес, самокат жүргізушілері велосипед жолы немесе арнайы жолақ болған жағдайда сол бағытпен қозғалуы тиіс. Ал автомобиль жүретін жолға шығу үшін 18 жасқа толу, жүргізуші куәлігінің болуы және қорғаныс шлемін кию талап етіледі.

Сонымен қатар тротуармен жүруге тыйым салынды. Жалға беру сервистерінің пайдаланушылары жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тіркелуі қажет.

Бұл өзгерістердің нарыққа әсерін Forbes Kazakhstan зерттеді.

Сауалнамаға қатысқан операторлардың бірі Алматыда сапар саны 80 пайызға, екіншісі 77,8 пайызға азайғанын хабарлады.

Компаниялардың мәліметінше, өткен жылдың қыркүйегінде қалада тәулігіне шамамен 120 мың сапар жасалса, биыл бұл көрсеткіш 20 мыңға дейін төмендеген.

Операторлар негізгі мәселенің бірі ретінде велосипед инфрақұрылымының жеткіліксіздігін атайды.

Олардың бағалауынша, Алматы, Астана және Шымкенттегі өзара байланысқан велосипед жолдары танымал маршруттардың шамамен 10–15 пайызын ғана қамтиды.

Жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар тротуармен де, автомобиль жолымен де жүре алмайтындықтан, олардың бір бөлігі самокатты пайдаланудан бас тартқан.

Сұраныстың төмендеуі компанияларды самокат паркін қысқартуға, қызметкерлер санын оңтайландыруға және жаңа инвестицияларды қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.

Дегенмен жол қауіпсіздігі үшін енгізілген талаптардың мақсаты — жаяу жүргіншілер мен самокат жүргізушілеріне төнетін қауіпті азайту. Сондықтан нарық өкілдері қауіпсіздік пен көлік қолжетімділігі арасында тепе-теңдік қажет екенін айтады. 

Барлық жаңалықтар