«Анам мен қарындасым кінәлі»: Мадиярдікі делінген скриншоттар тарады

«Анам мен қарындасым кінәлі»: Мадиярдікі делінген скриншоттар тарады

Бір ауыз сөйлем Меркідегі Мадинаның қазасына қатысты дауды қайта ушықтырды. Алайда әлеуметтік желіде тарап жатқан жазбаларды шынымен марқұмның күйеуі жариялағаны әзірге расталған жоқ деп жазады Democrat.kz.

Жамбыл облысының Меркі ауданында қаза болған 19 жастағы Мадина Рашидқызының ісі қоғам назарынан түсер емес. Енді әлеуметтік желіде марқұмның күйеуі Мадияр жазды делінген бірнеше скриншот тарады.

Жұрттың ашуын туғызған жазбалардың бірінде:

«Бақытымызды көре алмады қарындасым да, анам да», – делінген.

Екінші жазбада Мадинаның суретіне:

«Сенің бұл өмірде жоқ екеніңе сене алар емеспін», – деген сөз жазылған.

Ал ерлі-зайыптының бірге түскен фотосына:

«Мамам арамызға түспегенде, сені маған қарсы қоймағанда бұлай болмас еді», – деген мәтін қойылған.

Жұрт мұны жауапкершілікті өзгеге ысыру деп қабылдады

Threads желісінде тараған скриншот авторы бұл жазбаларды Мадияр жариялады деп мәлімдеген. Осыдан кейін қолданушылар мәтіндегі «сені маған қарсы қоймағанда» деген сөйлемге ерекше назар аударды.

«Сонда да өзін ақтап, жәбірленуші болып отыр. “Сені маған қарсы қоймағанда” емес, “мені саған қарсы қоймағанда” де», – деп жазды пікір иелерінің бірі.

Тағы бір қолданушы жазбаны «ішінара мойындау» деп бағалауға бола ма деген сұрақ қойды. Өзгелері автор марқұмның қазасына өзін емес, анасы мен қарындасын кінәлауға тырысып отыр деп есептеген.

Мадиярды қамауды талап еткен, оның отбасы мүшелерін де тергеу керек деп жазғандар бар. Алайда мұның бәрі – әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі. Кімнің кінәлі екенін пікір алаңы емес, тергеу мен сот анықтауға тиіс.

Парақша Мадиярдікі екені дәлелденбеген

Тараған кадрларға мұқият қарағанда, TikTok парақшасының атауы Мадиярдың емес, «Мадина Рашидқызы...» деген атпен басталатыны көрінеді. Жарияланымдарда реакция саны да өте аз: бірінде мүлде белгі қойылмаса, өзгелерінде төрт және бір ғана лүпіл бар.

Скриншоттарда аккаунттың Мадиярға тиесілі екенін растайтын белгі, оның жеке парақшасына сілтеме немесе авторлығын дәлелдейтін өзге дерек жоқ.

Мұны пікір жазғандардың бір бөлігі де байқаған.

«Басқа біреу ашып отырған сияқты. TikTok-та хайп тақырыбына аккаунт ашып, кейін соны сататындар бар», – деп жазды желі қолданушысы.

«Фейк қой», «Мадинаның атымен хайп жасамай-ақ қойыңыздар» деген пікірлер де кездесті.

Сондықтан аталған мәтіндерді Мадиярдың сөзі немесе «мойындауы» ретінде жариялау әзірге негізсіз. Алдымен парақшаны кім ашқаны, жазбаларды кім орналастырғаны және оның Мадиярмен байланысы бар-жоғы анықталуға тиіс.

Іс бойынша не белгілі?

Мадина Рашидқызы тамыз айының ортасында Меркі ауданында қайтыс болды. Қайғылы жағдайдың алдында оның құрбысына күйеуімен жанжалдасқанын, күш көрсетілгенін және одан кетуді жоспарлағанын жазғаны хабарланды. «Барни» бисквитіне қатысты жанжал жөніндегі мәлімет те марқұмның құрбысы жариялаған хаттардан тараған. Бұл айтылғандардың бәріне тергеу барысында құқықтық баға берілуге тиіс. 

Жамбыл облысының полициясы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Ведомство тараптардың уәждері мен тараған мәліметтердің тексеріліп жатқанын хабарлап, азаматтарды тергеу аяқталмай тұрып асығыс қорытынды жасамауға шақырды. 

22 тамызда Kursiv.Media тілшісі Мадияр Айтмырзамен ауылдағы үйінде кездесіп, түсініктеме сұраған. Ол оқиға туралы пікір білдіруден бас тартқан. Оның іс бойынша нақты процестік мәртебесі ресми түрде жарияланған жоқ. 

Бұл жазбаларды кім жариялады?

Қазір әлеуметтік желідегі басты сұрақ осы болуы керек.

Егер парақша расымен Мадиярға тиесілі болса, онда ол даулы сөйлемдердің мағынасын өзі түсіндіруге тиіс. Ал аккаунтты бөтен адам Мадинаның атымен ашқан болса, бұл – марқұмның қазасын пайдаланып, қоғамды әдейі арандату.

Екі жағдайда да скриншоттарды дәлел ретінде қабылдамас бұрын аккаунт иесін анықтау қажет. Себебі қоғамның ашу-ызасы қаншалықты түсінікті болғанымен, жалған парақша мен расталмаған жазба тергеудің орнын баса алмайды.

Мадинаның қазасына не себеп болғанын және бұл қайғыға кімнің әрекеті ықпал еткенін тек толық тергеу анықтауы керек. Ал марқұмның атын жамылып жалған парақша ашу – әділдік іздеу емес, онсыз да ауыр қайғыны саудаға салу.

Барлық жаңалықтар