Ақтөбеде құны 60 млрд теңге болатын шыны ыдыс шығаратын ірі зауыт салу жоспарланды. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жыл сайын 256 млн дана өнім өндіріп, оның басым бөлігін Қазақстан нарығына жеткізбек, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстан Үкіметі Ақтөбе қаласында шыны ыдыс өндіретін кәсіпорын салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады.
Жобаны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Aktobe Steklo компаниясы бірлесіп жүзеге асырады.
Инвестиция көлемі 60 млрд теңге деп белгіленген.
Құрылысты 2026 жылдың төртінші тоқсанында бастап, 2029 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа зауыт жылына 256 млн дана шыны ыдыс шығара алады.
Өндірілген өнімнің 80 пайызға дейінгі бөлігін Қазақстанның ішкі нарығына жеткізу көзделген. Қалған өнім Орталық Азия мемлекеттеріне экспортталуы мүмкін.
Жоба импортқа тәуелділікті азайтуға да бағытталған. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында шыны бұйымдарын өндіретін осындай ірі кәсіпорын жоқ.
Зауытта шикізатты сұрыптау, өндірістік процестерді басқару және дайын өнімнің сапасын бақылау автоматтандырылған жүйелер арқылы жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар кәсіпорында пайдаланылған шыны қалдықтарын қайта өңдеу жоспарланған. Жоба аясында 245 мың тоннадан астам шыны қалдығын қайта пайдалану көзделіп отыр.
Жаңа өндіріс шамамен 300 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.