Баспана алу үшін өз жеңгесіне үйленген лауазымды тұлғаға сот үкімі шықты

Баспана алу үшін өз жеңгесіне үйленген лауазымды тұлғаға сот үкімі шықты

Мемлекеттен көбірек тұрғын үй төлемін алу үшін өз әйелімен ажырасып, төрт баласы бар әйелмен жалған некеге тұрған ҰҚК Шекара қызметінің подполковнигі сотталды. Ол жаңа «отбасының» құрамына әйел мен оның төрт баласын қосып, 50 миллион теңгеден астам төлем рәсімдеген. Сот әскери қызметкерді 6 жылға бас бостандығынан айырып, 43 миллион теңгеден астам шығынды мемлекетке өтеуге міндеттеді, деп жазады Democrat.kz.

Іс Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қаралған. Сотталушы Маңғыстау облысындағы ҰҚК Шекара қызметі департаментінде аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл болып жұмыс істеген және подполковник шенін иеленген.

Тергеу мәліметінше, офицердің мақсаты – тұрғын үй төлемінің көлемін жасанды түрде ұлғайту болған.

Ол алдымен өзінің заңды жұбайымен ажырасады. Кейін төрт баласы бар таныс әйел де күйеуімен некесін бұзып, әскери қызметкермен ресми түрде некеге тұрған. Кейбір басылымдар әйелді оның туыстық ортасындағы адам ретінде сипаттайды.

Жаңа неке тіркелгеннен кейін офицер әйелдің және оның төрт баласының құжаттарын жұмыс орнындағы тұрғын үй комиссиясына өткізген.

Әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемін есептеген кезде отбасы құрамы ескерілетіні қолданыстағы қағидаларда көрсетілген. Өтінішке неке туралы куәлік, балалардың туу туралы куәліктері және отбасы құрамына қатысты басқа құжаттар қоса беріледі.

Нәтижесінде подполковникке отбасының әр мүшесіне есептелген тұрғын үй төлемдері аударылған. Kazinform дерегінше, бір адамға есептелген сома 8 674 038 теңге болған. Жалпы алынған қаражат 50 миллион теңгеден асқан.

Әйел 50 миллион теңге туралы тергеу кезінде білген

Істегі ең қызық жайттардың бірі – жалған некеге тұрған әйелдің түсінігі.

Сотта ол әскери қызметкермен шын мәнінде ерлі-зайыпты болып тұрмағанын, бірге өмір сүрмегенін және жақын қарым-қатынаста болмағанын айтқан.

Кей деректерде әйелге бұл неке үшін 3 миллион теңге берілгені айтылады. Ол ақшаны қарыздары мен несиелерін өтеуге жұмсаған. Ал офицердің оның және төрт баласының аты арқылы 50 миллион теңгеден астам тұрғын үй төлемін рәсімдегенін әйел тергеу басталғанда ғана білгенін мәлімдеген.

Алғашында әйел некенің жалған екенін жасырмақ болған. Тергеу материалдары бойынша, бұлай жауап беруді одан әскери қызметкердің өзі өтінген. Кейін жалған түсінік бергені үшін жауапкершілік туындауы мүмкін екенін білген соң, ол шындықты айтып, некенің фиктивті болғанын мойындаған.

Ақшаны алған соң бұрынғы әйеліне қайта үйленген

Тергеу нұсқасына сәйкес, қажетті тұрғын үй төлемдерін рәсімдеп болғаннан кейін офицер төрт балалы әйелмен некесін бұзған.

Артынша бұрынғы жұбайымен қайта некеге отырған. Бұл жағдай тергеудің жалған неке туралы нұсқасын күшейткен дәлелдердің бірі ретінде қаралған.

Әскери сот куәгерлердің жауаптарын, неке және ажырасу құжаттарын, тұрғын үй төлемдеріне қатысты материалдарды зерттеген.

Нәтижесінде сот офицерді алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберу туралы үкім шығарды. Ол подполковник әскери шенінен де айырылды.

Сот 50 миллион теңгеден астам төлемнің барлығын заңсыз деп танымаған. Есеп бойынша, оның еңбек өтілі мен заңды құқығына сәйкес келетін бөлігі шегеріліп, мемлекетке келтірілген нақты залал 43 миллион теңгеден астам деп белгіленген. Осы сома сотталушыдан өндірілмек.

Үкім әзірге заңды күшіне енбеген.

Барлық жаңалықтар