"Бірінің етін бірі жеген...": Роза Әлқожа қоғамдық өткір мәселелерді айтты

"Бірінің етін бірі жеген...": Роза Әлқожа қоғамдық өткір мәселелерді айтты

Танымал ақын, әнші Роза Әлқожа қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерін, шешімі табылмай жүрген проблемаларын айтып, өткір шындыққа толы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

"Түн баласы тыным бермеген ойларды түсіріп қойып ек. Қажет еткен пікір қосар, не өтіп кетер, өзі біледі. Біздікі - ішке жұтпау. 

Рух неге тұншығады?
Рух әлсірегенде тән алға шығады. Ішкен-жеген, барған-келген әңгіме. Рух жоқ жерде - сән, салтанат, байлық әңгіме. Рух жоқ жерде - білім жоқ, сауатты пікір жоқ, келелі кездесу жоқ. Жалтаңдаған құл мен жәутеңдеген қортық ойлы нендей мәселе қозғауы мүмкін?
Біз тәуелсіздікті алуға неге ынтық болдық? Өзге елдің қазынасын толтырып, айтқанына көніп, айдауына жүрмеу үшін. Дархан даланы мекендеген елдің өз салты-ғұрпы, мәдениеті, әдебиеті, өз қалауы барын ұқтыруы үшін бостандық аңсадық!
Ал, бірақ соны жасай алдық па?

 

Отыз жылдан астам уақытта идеология үшін не істедік? Осы аралықта ержеткен ұрпақ неге дүбара? Неге әлі күнге осы отанда өмір сүретін жалпы жұрт қазақ тілінде сөйлеп, бір топырақтың адамы боп бірікпейді?

Неге осы ұлан-ғайыр жердің ауасын жұтқандар бірігіп қазақстаншыл боп кетпеген?! Неге әлі де халықты тобыр қылып ұстау саясаты жүруде? Неге әлі жалтақ, халқымыз қорқақ болуы керек?

Себебі, бізде әлсін-әлсін рухты жаншу, намысты таптау, бас көтергенді әртүрлі тәсілмен жазалау әдісі жүріп жатыр. Осыдан ғасыр бұрын туған алашшыл азаматтар жоқ емес, бар, әлі туылады. Тек, біз ерік, жігер, қайрат дегенді ұнатпайтын елге айналдық. Қатты айтса да қамшы батпайтын, айтпаса көр-жерді сөз қылатын қалып таптық. 

Ең әуелі сөз бостандығына тыйым салынды. Газеттердің қысқаруы, телеарнада даңғаза мен дабыраға орын беру осының айғағы!

Рухтың шырақшысы - журналистер елге танымдық, ой тастайтын өрелі хабар таратпаса, талғамға жұмыс жасамаса, күйбеңнің қамытын арқалаған шаруа бірдеңенің байыбына баруға селқос келеді емес пе?! 
Көшбасшысы, көсемі, шешені бағаланбаған жұртты ез билейді. Екінің бірі илейді! Ақиқатты айтар ақын, жазушы десек, олардың да нәпақасы осы журналистикада еді, әрине олардың да үні шықпайды бұл күні. Үні шықса мемлекеттік наградалар алатын тұста бір әу деуі мүмкін?!.
Ал, рухы ояу деген жұрт үнсіз тұншықса ұлттың қамы не болмақ?

Неге бізде медицина дамымай жатыр? Неге біздің ел жекеменшік ауруханаларға барады? Неге мемлекеттік ауруханаға, кәсіби дәрігерге бармай, жай дәріханадағы ем-шара бөлмесінде ем алып жүр?

Неге бізде әртүрлі компаниялар салған үйді қарызға алу көп? Неге бар қазақ бір қазаққа жиналып үй әперуі керек?

Неге бізде ақшасы барлар ғана ән салуы қажет?
Неге бізде жалпы жұртты ойлау емес, ұлттың болашағы емес, жеке бастың қамы сөз болып кетті?

Ұлт рухының ұйықтап жатқаны кімге керек?
Ұлттың нигилизмге ұшырауы - бірінің етін бірі жеуі, бір бірін ұнатпауы түрлі геноцидтердің жемісі. Дінінен айырылған, одан бері түрлі ағымға ерген, тілі бұзылған, бағыты айқындалмаған қалпымыз бар. Ал, соны қайта қалпына келтірудің орнына неге кері кетуіміз керек?
Елді эмоциялық қысыммен ұстап отыру кімге пайдалы? Түңілген, шарасыз елдің түрлі әрекетке баруы неге ешкімді ойландырмайды? Неге бізде сұрақ қойылады, бірақ оған ешкім жауап бермейді???

Алып империялардың өзі бір ұлтты бір ұлтқа қосып, өзіне сіңіріп, өз дініне кіргізіп жатқанда санаулы ғана жұрттың зайырлы болғандағы ұтқаны қайсы? Бір отбасында түрлі ағымдағы адамдардың біріге алмай жатқаны ма?

Іштен іріту, іштен шыққан жау әлі бар. Бір румен бір ру, бір жермен бір жер айтысатын емес, тұтас ел болатын күн келуі керек еді ғой әлдеқашан?

Ол күн неге келгісі келмейді? Себебі - кеудесі күмбірлеп сөйлейтін, айтса жамағаты тыңдайтын арыстан-рухтар бұғауда! Бар болса да алдында апан тұрғанын біледі!
Ал, рухы жаншылған елдің үні бәсең, сөзі дүдәмал, өзі дүбара!", деп жазды Роза Әлқожа.

Барлық жаңалықтар