Алматыда Қытайдан тауар жеткіземін деп жүздеген адамды алдаған кәсіпкер Арайлым Қажымұратоваға қатысты үкім шықты деп жазады Democrat.kz. сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қаласында өзін Қытайдан тауар жеткізуші ретінде таныстырған кәсіпкер Арайлым Қажымұратоваға қатысты сот үкімі шықты. Әлеуметтік желіде "Айс Муратова" атымен танылған “бизнес-вумен” адамдарға жиһаз, тұрмыстық техника және ыдыс-аяқты көтерме бағамен жеткізіп беруге уәде еткен.
Ол негізінен бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлермен жұмыс істеп, тиімді ұсыныстар арқылы сенімге кірген. Клиенттер ақшаны оның және туыстарының есепшоттарына аударып отырған. Алайда уәде етілген тауарлар жеткізілмей, жиналған қаражат жымқырылған.
Тергеу мәліметінше, келтірілген жалпы шығын көлемі 4,5 миллиард теңгеден асқан. Іс бойынша 290 адам жәбірленуші деп танылды. Сот процесі алты айдан астам уақытқа созылған.
Сот шешімімен Арайлым Қажымұратова 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу бір жылға шегерілді. Сонымен қатар ол жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Іс бойынша тағы 12 адам сотталды. Олар әлеуметтік желілерді жүргізіп, клиенттерді тартумен айналысқан және қоймада жұмыс істеген. Сот оларды 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды.
Жәбірленуші Айгүл Мақанованың айтуынша, келтірілген шығын әлі толық өтелмеген.
"Келтірілген шығын өтелген жоқ. Олар бізді қалай тартты? Қытай мен Түркиядағы зауыттармен тікелей жұмыс істейміз деді. Ал шын мәнінде, тауарды базардан алып, бізге алдап отырған. Барлығы туыс болып шықты. Ақшаны саяхатқа жұмсап, ешқандай есеп жүргізбеген. Халықтың ақшасын бей-берекет шашқан", – деді Айгүл Мақанова.