Дикий Арман лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевтің екінші жары Айкөл Аликжанова YouTube арналарының біріне сұхбат беріп, жеке өміріндегі өзгерістер туралы ашық айтты, деп жазады Democrat.kz.
Айкөлдің сөзінше, Арманның басына іс түскен кезде оны тастап кету ойында болмаған. Алайда кейін олардың некесі бұзылған. Ол ажырасудың өз бастамасы болмағанын атап өтті.
«Арманның басына іс түскенде тастап кетпедім. Кету деген тіпті ойымда болған жоқ. Бірақ біз ажырасып кеттік және ол менің бастамам болған жоқ. 20 жылға сотталу деген тым көп», – деді ол.
Айкөл бұрынғы күйеуімен енді ерлі-зайыпты ретінде емес, ортақ қыздарының ата-анасы ретінде байланыста қалатынын айтты.
«Біз қызымыздың ата-анасы болып қаламыз. Мен мұның бәрін қабылдадым. Ол өзі осылай болғанын қалады. Маған тек бәрін қабылдау ғана қалды. Маған таңдау қалдырған жоқ, қайтар жол қалдырған жоқ. Сонда да мен ол үшін дұға етемін. Қызыма үнемі суреттерін көрсетіп отырамын», – деді Айкөл.
Сұхбат барысында ол Арман Жұмагелдиевтің анасын да еске алды.
Айкөлдің айтуынша, енесімен қарым-қатынасы жақын болған. Ол марқұмды тек ене ретінде емес, өмірдің талай сынағына төтеп берген мықты адам ретінде бағалағанын жеткізді.
«Енемде қыз болмаған. Арман жалғыз ұлы. Енемді жақсы көрдім. Сағындым. Бір жыл бұрын дүние салды. Мен ол кісіні ене деп емес, тұлға деп қабылдадым. Көптеген қиындықтан мойымай өткен адам», – деді ол.
Айкөл Арманның бұған дейін де ұзақ уақыт түрмеде отырғанын айтып, сол кезеңдердің бәрінде анасының берілмей, ұлына тірек болғанын атап өтті.
«Ол кісінің мінезі мықты әрі қиын еді. Екінің бірі тілін таба алмайтын. Мен ол кісіге қызындай болғым келді. Барлық артықшылығымен, кемшілігімен қабылдадым», – деді Айкөл Аликжанова.
Айта кетейік, Арман Жұмагелдиевке қатысты сот процесі қоғамда кең талқыланған. Оның отбасы мен жақындарының өмірі де осы оқиғалардан кейін көпшіліктің назарында болды.