Динара Сәтжанның жазбасы оқырманын сілкінтіп тастады

Динара Сәтжанның жазбасы оқырманын сілкінтіп тастады

Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы Даниял Үскенбай мен келіні Айнұрға отбасылық өмірге қатысты ақыл-кеңесін айтып, жас жұбайларға ақ тілегін арнады, деп жазады Democrat.kz.

Тележүргізуші Instagram парақшасында ұлы мен келінінің Париждегі суреттерін жариялап, олардың өмір жолын бірге жалғастыру туралы шешіміне қуанышты екенін жеткізді.

Динара Сәтжан жас жұбайларға жылдар өте келе бір-біріне деген сезімдері тереңдеп, өзара құрмет пен ризашылықты сақтауды тіледі.

«Сендерге махаббаттарыңды өмір бойы аялап, бір-біріңе ризашылықпен әрі құрметпен қарауды тілеймін. Жылдар өткен сайын сезімдерің тереңдеп, махаббаттарың даналық пен күшке толы болсын», – деп жазды ол.

«Әйел – қызметші емес»

Тележүргізуші ұлы Даниялға жеке үн қатып, некедегі ерлі-зайыптылардың теңдігіне ерекше назар аударды.

«Даниял, саған ең басты нәрсені айтқым келеді: әйел – қызметші емес. Ол – сенің өмірлік серігің, тең дәрежедегі жұбың. Онымен қуанышыңды да, қиындықтарыңды да, армандарыңды да, отбасы алдындағы жауапкершілікті де бірге бөлісесің», – деді Динара Сәтжан.

Ол ұлына жары Айнұрдың қызығушылықтары мен армандарын құрметтеуге, оның жетістіктеріне қуанып, қиындыққа тап болған сәттерінде қолдау көрсетуге кеңес берді.

Сөз соңында тележүргізуші жас жұбайларға бүгінгі сезімдерін сақтап, күн сайын бір-бірін қайта таңдай білуді тіледі.

«Бүгін жүректеріңді тоғыстырған сезімді сақтаңдар. Күн сайын бір-біріңді қайта таңдай біліңдер. Бақытты болыңдар, менің сүйіктілерім!» – деп түйіндеді ол.

Барлық жаңалықтар