"Ендігі жүріс Оқу ағарту министрлігінде" деген білікті ұстаз өткір мәселелерді көтерді

"Ендігі жүріс Оқу ағарту министрлігінде" деген білікті ұстаз өткір мәселелерді көтерді

Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында кеңес мүшесі Өмір Шыныбекұлы Шымкенттегі білім саласына қатысты бірқатар даулы мәселені көтерді. Оның сөзінше, кей жекеменшік мектептер 11-сынып оқушыларын өздеріне тартып, ҰБТ-ға қажетті бес пәнге ғана басымдық беруі мүмкін. Бұдан бөлек, «Мақсатты мектеп» жобасына кеткен қаржы, «Келешек» мектептеріндегі директорлардың жиі ауысуы және мектептердегі бейнекамералардың заңдылығы да сөз болды, деп жазады Democrat.kz.

Өмір Шыныбекұлы Қоғамдық кеңестің онлайн отырысы аяқталғаннан кейін өзі көтерген мәселелерді жариялады.

Оның айтуынша, ең өткір мәселенің бірі — мемлекеттік және жекеменшік мектептер арасындағы оқушы үшін бәсеке.

«11-сынып оқушыларын тартып жатыр»

Өмір Шыныбекұлының сөзінше, Шымкенттегі мемлекеттік мектеп директорлары кейбір жекеменшік мектептердің 11-сынып оқушылары мен олардың ата-аналарын белсенді үгіттеп, өздеріне ауыстыруға тырысатынын айтқан.

Бұдан да маңыздысы — оның жазбасында кей жекеменшік мектептердің жоғары сыныптарында ҰБТ-ға қажет бес пән ғана оқытылып, қалған пәндер назардан тыс қалуы мүмкін екені айтылады.

Егер бұл ақпарат расталса, Шыныбекұлы мұны мемлекеттік білім беру стандартының өрескел бұзылуы деп санайды.

Ол мұндай жағдайда оқушы ҰБТ-дан жоғары балл жинап, мемлекеттік грантқа түссе, бәсекенің әділдігіне де күмән туатынын жеткізді.

Сондықтан Қоғамдық кеңес мүшесі бұл мәселені ресми түрде тексеруді талап еткен.

«Мақсатты мектепке» бөлінген ақша қайда кетті?

Шыныбекұлы көтерген екінші мәселе — кейін тоқтатылған «Мақсатты мектеп» жобасы.

Ол бұл жобаға бөлінген қаржы жөнінде Оқу-ағарту министрлігі толық есеп беруі керек деп есептейді.

«Жауапты қызметкерлер жауап бермесе, шикі реформалар жалғаса береді», – дейді ол.

Яғни мәселе тек жобаның тоқтауында емес, оған дейін қанша қаражат жұмсалғаны және сол шығынның қандай нәтиже бергенінде болып отыр.

Директорлар неге жиі ауысады?

Үшінші мәселе Шымкенттегі «Келешек» мектептерінің басшыларына қатысты.

Өмір Шыныбекұлының айтуынша, бұл мектептерде директорлар жиі ауысады. Қызметінен кеткен кей басшылар оған хабарласып, шағым айтқанымен, кейін ашық күресуге қорқатынын жеткізген.

Ол №143 «Келешек» мектебіндегі жағдайды мысалға келтіреді.

Көктемде осы мектептің педагогикалық ұжымы негізсіз тексерулер көбейгенін айтып, әлеуметтік желі арқылы Президенттен көмек сұраған.

Соған қарамастан мектеп директоры қызметінен алынған. Кейін ұжым қолдаған директор Білім басқармасын сотқа беріп, қызметіне қайта оралған.

Осыған байланысты Шыныбекұлы Шымкент қаласының Білім басқармасы қызметтен алынған әр директор бойынша жұртшылыққа нақты түсініктеме беруі тиіс деп санайды.

Біліктілік санаты жоқ адам мектеп басқара ала ма?

Қоғамдық кеңесте тағы бір мәселе көтерілген. Шымкент тұрғыны Өмір Шыныбекұлына хабарласып, баласы оқитын жекеменшік мектеп басшысы «модератор» біліктілік санатын жақында ғана алғанын айтқан.

Осыған байланысты «біліктілік санатынсыз мектеп басқаруға бола ма?» деген сұрақ туындаған.

Шыныбекұлының жазуынша, Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселе бойынша Шымкент қаласының Білім басқармасынан есеп сұратпақ.

Мектептердегі камералар да тексерілуі мүмкін

Қоғамдық кеңес мүшесі тағы бір ұсыныс ретінде министрліктен арнайы комиссия жіберуді сұраған.

Оның пікірінше, комиссия Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты мектептерде:

— мемлекеттік білім стандарттарының орындалуын;
— сыныптарға орнатылған бейнекамералардың заңдылығын;
— сол камераларға жұмсалған қаржының мақсатты пайдаланылуын зерделеуі тиіс.

Шыныбекұлы көтерген барлық ұсыныс Қоғамдық кеңес отырысының хаттамасына енгізілгенін мәлімдеді.

«Ендігі жүріс Оқу-ағарту министрлігінде. Жақсы жаңалықтар болады деп үміттенемін», – деп жазды ол.

Барлық жаңалықтар