"Жердегі тозақ": Ақтас жындыханасындағы дене түршіктірер сұмдықтар мәлім болды

"Жердегі тозақ": Ақтас жындыханасындағы дене түршіктірер сұмдықтар мәлім болды

Алматы облысының Ақтас ауылындағы жіті бақыланатын республикалық психиатриялық аурухананың бұрынғы пациенті дәріні шамадан тыс ішкізу, ұзақ уақыт байлап ұстау және адамдық қадір-қасиетін қорлау туралы ауыр мәлімдеме жасады. Оның куәлігін «Қорғау HR» қоғамдық қоры жариялады, деп хабарлайды Democrat.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің тексерісі мен бұрынғы пациенттердің ашық айғақтарынан кейін жұртшылық арасында үлкен сұрақ туындады: Ақтас кентіндегі психиатриялық аурухана шын мәнінде қандай мекеме?

«Психикалық ауытқуы барларға арналған түрме»

Бұл мекеменің ресми атауы — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханасы». Ақтастағы аурухана — Қазақстан бойынша Қылмыстық кодекстің 91–98 баптарына сәйкес азаматтарды мәжбүрлі түрде емдейтін жалғыз нысан.

Мұнда азаматтар екі түрлі жағдайда түседі:

  • А сценарийі: Адам қылмыс жасайды, бірақ диагнозына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, колонияның орнына мәжбүрлі емдеуге жіберіледі.

  • Б сценарийі: Тергеу немесе сот барысында сот-психиатриялық сараптама айыпталушыны «есі дұрыс емес» деп таниды. Осылайша ол қатардағы түрмеге емес, қарқынды бақылаудағы арнайы стационарға — Ақтасқа жіберіледі.

Мазмұны мен ішкі тәртібі жағынан бұл мекеме қатаң режимдегі түрмеден еш айнымайды, тек медициналық бағытта жұмыс істейді.

Кеңестік кезеңнен қалған мұра

Аурухананың негізі КСРО Министрлер Кеңесінің 1965 жылғы 21 қаңтардағы № 98-р өкімімен қаланған. Алғашқыда ол ЛА-155/7 мекемесі деген атаумен ІІМ жүйесінде құрылды. Оншақты жылдар бойы объектіні Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі тікелей басқарып келсе, бүгінде ол Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында.

Тозақтан өткендердің айғақтары

«Қорғау HR» қоғамдық қоры осы уақытқа дейін Ақтаста болған азаматтардан көптеген арыз-шағымдар түскенін хабарлайды. Олардың сөздері — қатігездіктің, жазалаушы фармакотерапияның және адамдық қадір-қасиетті таптаудың ауыр шежіресі.

Солардың бірінің куәлігі:

«Дәріні уыстап беретін. Аминазинді таңертең, түсте, кешке 14 түйірден ішкізді. Одан кейін денем қышып, ұйықтап кететінмін. Өзіңді суға бөктерген алмадай, робот сияқты сезінесің. Сілекейің ағып, адекватты емес күйге түсесің, өмір сүргің келмей кетеді. Денем дірілдеп, салмағым 90 келіден 48 келіге дейін төмендеді. Бас айналу, ұмытшақтық, ұйқысыздық, іш қату, бас ауруы пайда болды. Оған қоса 12 елі ішектің жарасы мен жүрек ауруын жамап алдым.

Мұндай препараттардан тыныс алу мүмкін емес, басыңнан бастап бармағыңа дейін бүкіл денең сырқырап ауырады. Бұл мөлшерді бас дәрігердің өзі тағайындаған. Оны нағыз қатыгез, зұлым адам деп санаймын.

Кез келген ұсақ-түйек үшін, тіпті келіспеушілік білдіргенім үшін мені жыл сайын байлап тастайтын. 7-бөлімде меңгерушілер екі сағаттан бастап, бір айға дейін байлап қоятын. Қол-аяғым ұйып, масқара болғандай сезінетінмін. "Байлаулы болу" деген — шыдау мүмкін емес азап.

10-бөлімдегі меңгеруші әйел кішкене қателік үшін психотроптық дәрілерді күштеп егетін. Тамақтың дәмсіз екенін айтқаным үшін егіп тастап, өліп кете жаздадым. Пациенттерді киім айырбастағаны үшін де жазалайтын. Өзі кіргенде бәрін смирно тұрғызып, коридорға жалаңаш шығарып, әйелдердің көзінше іш киімге дейін шешкізіп тінтейтін. Бағынбасаң — тағы да екпе салады...»

Қоғам реакциясы: Күдік пе, әлде Жала ма?

Бұл жарияланымдар желіде үлкен талқылау тудырды. Оқырмандардың бірі (step.in.style88):

«2007–2011 жылдардағы ескі оқиғаларды, оның үстіне бұрын ауырған адамның сөзін не үшін жариялап жатқаны түсініксіз. "Қатыгез", "парақор" деген сөздер үшін ресми айғақ болмаса, «жала жабу» бабы бойынша сотқа тартылу мүмкін. Біз заң үстемдік ететін жаңа уақытта өмір сүріп жатырмыз. Тексерілмеген ақпаратты таратудың арты жауапкершілікке әкелуі ықтимал», — деп өз пікірін білдірді.

Денсаулық сақтау министрлігінің тексегісі Ақтастағы жағдайдың қаншалықты өзгергенін және бұл айғақтардың шындыққа жанасатынын анықтауы тиіс.

Барлық жаңалықтар