Кеше келген министрді сынау - ақымақтық па, әлде тапсырма ма?

Кеше келген министрді сынау - ақымақтық па, әлде тапсырма ма?
Әлеуметтік желіде министр Жұлдыз Сұлейменованы сынап жазушылар көбейді деп жазады Democrat.kz.
 
Оқу ағарту министрі қызметіне кіріскелі санаулы ғана күн өткен Жұлдыз Сұлейменованы сынаушылардың уәжі - бұрынғы депутат, қазіргі министр Жұлдыз ханым білім саласын басқара алмайды -мыс. 
 
Әлдебір шенеунікті сынау үшін ең болмаса, бірнеше ай өтіп, біраз шаруа атқарылуы керек емес пе? Әлде сынау деген осы екен деп, етектен тарта беру керек пе? 
 
Сондай сынаушыларға қатысты танымал журналист Ришат Асқарбек, белсенді ұстаз Сұлтан Сүлеев те өз пікірлерін ортағ салды. 
 
"Алматының кей белсенділері, әсіресе орыстілділер оқу-ағарту саласына келген Жұлдыз Сүлейменованы сын садағына алды. Кеше Рафаэль Гасанов бірнеше пост жазды.
 
Тағайындалғанына бір апта өтпей жатып, қысымға ұшырауы – бір интриганың барынан хабар береді.
Белсенділер осылайша бұрынғы команданың өкпе-ренішін жеткізіп жатыр ма екен?
 
Жұлдыз Сүлейменова тағайындалған күні кетіп бара жатқан министрді ілгеріде сынаған бір видеосы шықты. Сол 4 минуттық жазбаны парақшама салған едім. Роликті 200 мың адам қарап, жүздеген пікір жазылды. Facebook алгоритмі парақшама мыңнан астам жазылушы әкелді.
 
Айта кету керек, пікірлер алаңында көпшілік қазіргі министрден үлкен үміт күтетінін жазды"дейді журналист.
 
Ал белсенді ұстаз Сұлтан Сүлеев: "Аймағамбетовты еске алайықшы.
Оған қарсы айқай бірден емес, бірнеше айдан кейін басталған еді.
 
Қайырбекованы жұмыстан босатқан соң. Сосын ең үлкен қарсылық – диплом сататын универлерді жапқанда болған.
 
Ғани Бейсембаевқа шабуыл жемқорлыққа қарсы күресті жариялаған күннен басталған.
 
Ал Аятжанға қатысты «мемлекеттік пе, жеке ме — бірін таңда» деген мәселеде айтарлықтай дау туғызды. Тіпті кей мәжілісмендер де араласты. Солардың бірі — қазіргі министрдің өзі еді.
 
Мәжілісте отырып «министрді сынаған батыл депутат кейпінде болу» – жақсы пиар. Ал енді уақыт айналып келді.
 
Бүгін дәл сондай шабуыл өзіне бағытталып отыр. Министр болу – TikTok-та видео салу, жұмыстан соң тікелей эфирге шығу ғана емес. Бұл – маңызды шешімдер қабылдау. Өзіне жауапкершілік алу.
 
Қабылдаған шешімдердің мемлекет мүддесіне сай екенін алдын ала болжай алуы.
 
Жұлдыз Сүлейменова тарихшы екен. Оқыған болар, Сталин 1929 жылы “Табыстан бас айналу” деген мақаласында былай деген: «Социализм дамыған сайын, оның жаулары да күшейе түседі».
 
Біздің жағдай да дәл сондай. Білім саласы ілгерілеген сайын, кертартпа күштердің де қарсылығы артады. Бастысы — ырғақты жоғалтпау. Алдыңғы министрлердің жолын жалғастыра алу", дейді.
 
Сонымен қатар "алдыңғы министр Ғани Бейсембаевты қызметінен әлдекімдер әдейі кетірді. Ол сияқты білім саласын алға сүйрейтін адам жоқ" деп ұрандатып, үндеу тастап жатқан бірер кісі күнде түрлі пост салып жатыр. 
 
Бұлардың да сын тезіне министр Жұлдыз Сұлейменова іліккен. Саясаттың соқпағы көп жолынан хабары жоқ бұл кісілер атойлап отырып, Президенттің саясатына тікелей қарсы шығып отырғанын аңғармай ма?
 
Шенеунікті сынайтын күн ешқайда қашпас. Десек те, әуелі сол шенеуніктің қарым-қабілетін байқау керек емес пе? Ал ол үшін шенеунік бірнеше ай жұмыс істеуі керек. Кеше келген министрді бүгін сынау - не ақымақтың ісі, не әлдебір тапсырманың түрткісі ғана. 
 
Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ
Барлық жаңалықтар