Қазақстандықтар автонесиеге бұрынғыдан әлдеқайда белсенді кіріп жатыр. Бірақ төлем қиындаған жағдайда банк көлікті сатып жібергенімен, қарыз толық жабылмай қалуы мүмкін. Сонда азамат қолындағы көлігінен айырылып қана қоймай, банк алдындағы берешегін әрі қарай төлеуге мәжбүр болады деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда автомобиль сатып алудың ең кең тараған тәсілдерінің бірі — несие.
2025 жылдың қорытындысында елдегі автонесиелер портфелі 42,4 пайызға ұлғайып, төрт триллион теңгеге жеткен. Ал мерзімі өткен берешек көлемі шамамен 240 миллиард теңгеге жуықтаған.
Ұлттық банк дерегіне сүйенген Orda.kz мәліметінше, проблемасы бар үшінші сатыдағы автонесиелердің үлесі 5,7 пайызға жеткен.
Экономист Айгерім Ілиясованың айтуынша, автонесиені адамдар ипотекаға қарағанда әлдеқайда тез әрі жеңіл шешіммен алады. Өйткені несие көбіне автосалонның өзінде қысқа уақытта рәсімделеді, бастапқы жарнасы аз бағдарламалар да ұсынылады.
Бұған қоса жаңа автомобильге несие беру кезінде кей жағдайда қарыз жүктемесінің коэффициентін есептеуге қатысты жеңілдік бар. Бұл ерекшелік 2026 жылдың соңына дейін қолданылатыны айтылған.
Алайда көліктің ай сайынғы несиесі — шығынның бір бөлігі ғана.
Оған бензин, сақтандыру, техникалық қызмет көрсету, дөңгелек, салық және басқа шығындар қосылады. Сондықтан автосалонда «айына осынша ғана төлейсіз» деген сома отбасылық бюджетке түсетін нақты жүктемені толық көрсетпейді.
Тағы бір қауіп — автомобиль уақыт өте келе арзандайды. Ал несие толық өтелгенше көлік банктің кепілінде тұрады.
Егер қарыз алушы төлем жасай алмай қалса, банк алдымен берешекті реттеуге әрекет етеді. Мәселе шешілмесе, заңда қарастырылған тәртіппен кепілдегі автомобиль сатылуы мүмкін.
Мұндағы ең ауыр сценарий мынау: көлік сатылған кездегі нарықтық бағасы азаматтың банкке қалған қарызынан төмен болуы ықтимал.
Мысалы, автомобиль сатылып, одан түскен қаражат несие қалдығын толық жабуға жетпесе, айырмасы қарыз болып қала береді. Яғни адам көлігінен айырылғанымен, банк алдындағы міндеттемесінен толық босамайды.
Сарапшы автонесие алмас бұрын кемінде алты айлық міндетті шығынды жабатын қаржылық қор жинауды және өзінің жағдайын бір қарапайым сұрақпен сынап көруді ұсынады: табыс 20–30 пайызға азайса, несие мен күнделікті қажеттіліктерді қатар төлей аламын ба?
Егер жауап күмәнді болса, қымбат көлікке несие алу отбасылық бюджет үшін қауіпті шешімге айналуы мүмкін