Дәрігерлер қателігі операцияға жеткізді: емхана 1,6 млн теңге төлейді

Дәрігерлер қателігі операцияға жеткізді: емхана 1,6 млн теңге төлейді

Ақмола облысында аудандық емхана дәрігерлерінің дер кезінде нақты диагноз қоя алмауы науқастың жағдайын асқындырып, ақыры күрделі операцияға жеткізген. Сот шешімімен медициналық мекеме механизаторға жалпы сомасы 1,6 млн теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелді деп жазады Democrat.kz.

Оқиға 2025 жылдың шілдесінде басталған. Целиноград ауданындағы серіктестіктердің бірінде механизатор болып жұмыс істейтін ер адам аудандық емханаға бас ауруы, жөтел, мұрыннан су ағу, дене қызуының көтерілуі және иығының ауырғанын айтып жүгінген.

Дәрігерлер оған ЖРВИ, жедел назофарингит, созылмалы бронхиттің асқынуы және полисегментарлы пневмония сияқты бірнеше диагноз қойған.

Алайда бірнеше күн өткеннен кейін науқастың жағдайы жақсармаған. Керісінше, қолы мен иық буыны ауырып, ісіне бастаған. Соған қарамастан, аурудың нақты себебі бұл жолы да анықталмады.

Дәрігер науқасқа «ревматоидты артрит» диагнозын қойып, травматологқа қаралуға кеңес берген. Ал травматолог иық буыны байламдарының созылуы және шамадан тыс күш түсуі деген қорытындыға келген.

Бір аптадан кейін жағдайы күрт нашарлаған

Арада шамамен бір апта өткенде ер адамның жағдайы күрт ауырлап, ол шұғыл түрде Астана қаласындағы ауруханалардың біріне жеткізілген.

Мұнда дәрігерлер оның сол жақ жоғарғы аяқ-қолында, сондай-ақ жауырын үсті және жауырын асты аймақтарында флегмона дамығанын анықтаған. Науқасқа шұғыл операция жасауға тура келген.

Операция кезінде дәрігерлер зақымданған аймақтан шамамен 1,5 литр ірің шығарған.

Кейін жүргізілген сараптама аудандық емхана дәрігерлері тарапынан бірқатар кемшілік жіберілгенін анықтады.

Атап айтқанда, диагноз дер кезінде қойылмаған, зертханалық талдаулар мен медициналық зерттеулердің нәтижелеріне тиісті баға берілмеген. Сондай-ақ пациенттің шағымдары мен ауру тарихы жеткілікті деңгейде зерделенбеген.

Сарапшылардың қорытындысы бойынша, дәл осы кемшіліктер аурудың асқынуына, операция жасау қажеттілігіне және иық буыны қызметінің бұзылуына әкеп соққан.

Механизатор сотқа жүгінді

Науқас емхана мен дәрігерлерден жоғалтқан табысын, емделуге кеткен шығындарын және моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу үшін сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, аудандық емханадан пациенттің пайдасына 700 мың теңге моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы шешім шығарған.

Ал жоғалтқан жалақысы мен емделуге жұмсаған шығындарын өтеу туралы талабын қанағаттандырмаған.

Алайда кейін Ақмола облыстық сотының алқасы істің осы бөлігін қайта қарады.

Сот науқастың ұзақ уақыт еңбекке жарамсыз болғандықтан шынымен де табысынан айырылғанын анықтап, аудандық емханадан оның пайдасына қосымша 914 мың теңге өндірді.

Осылайша, медициналық мекеме механизаторға жалпы сомасы 1 млн 614 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Барлық жаңалықтар