Қазақстанда 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2–4-сынып оқушыларын бағалау жүйесі өзгереді. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды Democrat.kz.
Жаңа жүйеде критериалды бағалау сақталады. Алайда бұрынғы қалыптастырушы және жиынтық бағалаудың орнына қалыптастырушы және аралық бағалау қолданылады. Бірінші сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды.
Ең маңызды өзгерістердің бірі — тоқсан соңында өткізілетін бөлек ТЖБ болмайды. Оның орнына оқу бағдарламасындағы әр бөлім аяқталғаннан кейін аралық бағалау жүргізіледі. Осылайша әр тоқсандағы бақылау жұмыстарының саны кемінде бір жұмысқа азаяды.
Қалыптастырушы бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі 25 пайыздан 50 пайызға өседі. Қалған 50 пайызы аралық бағалаудан құралады.
Диктант, мазмұндама, шығарма мен бақылау жұмыстарына бұрынғы 20–25 минуттың орнына толық 45 минуттық сабақ беріледі. 2-сыныптағы аралық жұмыстың ең жоғары балы – 12, 3-сыныпта – 14, 4-сыныпта – 16 балл.
Тағы бір жаңалық — бұрын жеке бағаланбаған музыка, дене шынықтыру, еңбек, бейнелеу өнері және «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» пәндері де бағалау жүйесіне кіреді.