Жүргізушілерге жағымды жаңалық: мемлекеттік ақпараттық жүйедегі техникалық ақаудан қате рәсімделген жылдамдық айыппұлдарын азаматтардың өздері дәлелдеп жүруінің қажеті жоқ деп жазады Democrat.kz.
ІІМ оларды автоматты түрде жоятынын мәлімдеді. Тіпті айыппұлды төлеп қойғандардың ақшасын қайтару механизмі әзірленіп жатыр.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі жолдағы жылдамдықты автоматты тіркеуге қатысты туындаған дауға түсініктеме берді.
Мәселе 13–14 тамызда Бас прокуратураның ЕРАП ақпараттық жүйесінде болған техникалық ақауға байланысты.
Жүйедегі қателіктің салдарынан жолдағы орташа жылдамдықты бұзу фактілерінің бір бөлігі мезеттік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген. Нәтижесінде кей жүргізушілерге негізсіз әкімшілік нұсқамалар келген.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов жүргізушілерге полиция бөлімшелеріне барудың немесе айыппұлдың қате екенін өз бетінше дәлелдеудің қажеті жоқ екенін айтты.
Қате қалыптасқан нұсқамалар жүйе арқылы анықталып, автоматты түрде күшін жояды.
Қазір ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп техникалық ақаудың салдарын жою және қалыптасқан нұсқамаларды қайта тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тағы бір маңызды мәселе — айыппұлын төлеп қойған жүргізушілер.
Министрлік мұндай азаматтардың ақшасын қайтару механизмін әзірлеп жатқанын хабарлады.
Сонымен бірге ІІМ бұл шешімнің барлық жол айыппұлына қатысы жоқ екенін ерекше атап өтті. Тек 13–14 тамыздағы техникалық ақаудың салдарынан тасжолдарда қате қалыптасқан нұсқамалар ғана қайта қаралады.
Яғни жүргізушінің жылдамдықты шын мәнінде асырғаны дұрыс тіркелген болса, ол айыппұл автоматты түрде жойылмайды.