Күйеуінің аяқ саусақтарын тістеген әйел әлемді таңғалдырды

Күйеуінің аяқ саусақтарын тістеген әйел әлемді таңғалдырды

Қытайда бес жыл бойы ауыр халде жатқан ер адам жұбайының үздіксіз күтімі мен қолдауының арқасында біртіндеп есін жиып, қайта өмірге бейімделе бастады. Сун Мэй есімді әйел күйеуі Чжао Цзиньцяньнің жанынан бір сәт алыстамай, оны оятудың түрлі тәсілін қолданған, деп жазады Democrat.kz сайты South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 2019 жылдың қазан айында болған. Чжао Цзиньцянь қойманың шатырына шығып, қауіпке тап болған үш жасар баланы құтқаруға ұмтылады. Баланы қолына алған сәтте ол шамамен алты метр биіктіктен құлап кеткен.

Жерге құлаған кезде ер адам баланы өз денесімен қорғап қалған. Сәбиге айтарлықтай зақым келмегенімен, Чжао ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түскен. Кейін оның ұзақ уақыт вегетативтік күйде жатқаны хабарланды.

Осы күннен бастап Сун Мэйдің өмірі түбегейлі өзгерген. Ол тәулігіне үш сағаттан да аз ұйықтап, күйеуінің бүкіл күтімін өз мойнына алған. Күн сайын оған ән айтып, аяқ-қолына массаж жасап, таныс дауыстар мен сезімдер арқылы жарының санасын оятуға тырысқан.

Әйел күйеуінің қандай да бір белгі беруінен үміттеніп, түрлі сенсорлық әдісті де байқап көріпті. Бір жолы оның аяқ саусақтарын ақырын тістеп, ауырсынуға реакция білдіре ме деп тексерген. Алайда бұл әрекеттің кейінгі оң өзгерістерге тікелей себеп болғаны медициналық тұрғыдан дәлелденбеген.

Сун Мэйдің ұзақ күткен үміті 2024 жылы ақтала бастады. Чжао көзін аздап ашып, айналасындағыларға әлсіз болса да жауап берген. Кейін сөзді түсініп, қолын көтеру арқылы белгі беруді үйренген.

Уақыт өте оның жағдайы біртіндеп жақсарып, өзгенің көмегімен аз уақытқа орнынан тұра алатын деңгейге жеткен.

Ал 2026 жылғы 30 маусымда Чжао жұбайына баяу дауыспен:

«Сун Мэй, мен сені жақсы көремін», – деген.

Бес жыл бойы осы сәтті күткен әйел үшін бұл сөзден артық қуаныш болмаған. Көп ұзамай ер адам қайта жазуға жаттыға бастапты. Оның қағазға түсірген алғашқы әрі әзірге жалғыз сөзі де жұбайының есімі болған.

Қайғылы оқиғаға дейін ерлі-зайыпты қарапайым, бірақ тату-тәтті өмір сүрген. Олар ауқатты болмағанымен, айналасындағы адамдарға көмектесуді әдетке айналдырған.

Сун Мэй тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға сурет салуды тегін үйретсе, Чжао шалғай таулы өңірде білім алып жүрген бір оқушыға қаржылай қолдау көрсеткен.

Ерлі-зайыптылардың оқиғасы әлеуметтік желіде кең тарап, көпшіліктің жүрегін елжіретті. Желі қолданушылары Сун Мэйдің бес жыл бойы үмітін үзбей, жарының өмірге қайта оралуын күткен табандылығын шынайы махаббат пен адалдықтың үлгісі деп бағалап жатыр.

Барлық жаңалықтар