Мадина ісінен кейін Меркіде тағы бір жағымсыз дүниелер туралы хат тарады

Мадина ісінен кейін Меркіде тағы бір жағымсыз дүниелер туралы хат тарады

Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Рашидқызының қаза болуы қазақ қоғамын әлі толғандырып отыр. Енді әлеуметтік желіде өзін марқұмның қайын жұрты тұратын ауылда туып-өскен адам ретінде таныстырған оқырманның хаты тарады деп жазады Democrat.kz.

Жазба 300 мыңға жуық қаралым жинап, мыңдаған адам пікір білдірген. Хат авторы ауылда әйелге қол көтеруді «отбасының ішкі шаруасы» деп қабылдайтын көзқарас барын мәлімдеген.

Бұл – әзірге ресми органдар растаған дерек емес, жеке адамның әңгімесі. Дегенмен пікірлерде өзін Меркіде өскен немесе сол өңірге келін болып түскен адам ретінде таныстырған бірнеше әйел ұқсас жағдайларды сөз еткен.

«Менің анам да таяқ жеген»

Threads желісінде ulzhan_mukhanbek есімді қолданушыға хат жолдаған оқырман өзінің Андас батыр ауылында туып-өскенін жазған.

Оның сөзінше, бала кезінде өз анасының әкесінен таяқ жегенін көрген. Ал ауыл арасында жәбір көрген әйелді қорғаудың орнына, оның өзін кінәлау қалыпты жағдайға айналған.

Оқырман анасының отбасындағы зорлық пен ауыл адамдарының өсегінен қатты күйзелгенін, бүгінде ауыр дертпен күресіп жүргенін айтқан. Алайда хатта аталған ауру мен бұрынғы зорлық арасында медициналық тұрғыдан дәлелденген себеп-салдар байланысы жоқ екенін ескерген жөн.

Хат авторының басты тілегі – Мадинаның қазасына қатысты істің ауыл ақсақалдары мен үлкен кісілердің сөзіне ғана сүйеніп жабылып қалмауы.

«Осы жағдайдан кейін ауылда келін болған қыз-келіншектер еш қорлықсыз өмір сүрсе екен», – деп аяқтаған ол хатын.

«Келін адам санатына жатпайды»

Жазбаның астындағы пікірлерде өзін Меркінің келіні ретінде таныстырған әйел:

«Күйеуіме қатысты ештеңе дей алмаймын. Бірақ үлкен кісілерге келгенде шынымен әлі қараңғы. Бұрынғы салт-дәстүрмен өмір сүреді. Келін міндетті түрде бәріне қызмет етуі керек. Келін адам санатына жатпайды ол жерде», – деп жазған.

Тағы бір қолданушы кейбір егде әйелдердің:

«Ұрса, өз әйелін ұрып жатыр», «Тілінен тапқан шығар», – деген сөздер айтқанын жеткізген.

Пікір иесінің ойынша, мұндай сөздер әйелге жасалған зорлықты ақтап қана қоймай, жәбірленушіні кінәлауға жол ашады.

Өзін Меркіде туған адам ретінде таныстырған тағы бір желі қолданушысы ауылдағы өсек пен әйелге жасалатын қысым туралы айтылғандардың шындыққа жанасатынын мәлімдеген. Бірақ пікір иесі «бәрі бірдей емес» екенін де атап өткен.

Бір ауылды түгел қаралауға болмайды

Жазбаның астында Меркі тұрғындарын түгелдей «сауатсыз», «қараңғы» деп айыптаған, тіпті қыздарды Андас батыр ауылының жігіттеріне тұрмысқа шықпауға шақырған пікірлер де бар.

Алайда бір отбасыдағы қайғылы оқиға үшін тұтас ауылға немесе ауданға үкім шығару әділетсіз. Әр адамның әрекеті үшін жеке жауапкершілік қарастырылуы керек.

Сонымен бірге «бәрі бірдей емес» деген сөз нақты мәселені бүркемелеудің амалына айналмауы тиіс. Егер белгілі бір ортада әйелге қол көтеру «ерлі-зайыптылардың шаруасы» деп қабылданса, ал келіннің шағымы «өсек» немесе «тілінен тапқан» деген сөзбен жоққа шығарылса, онда мұндай түсінікке қоғам болып қарсы тұру қажет.

Себебі зорлық – дәстүр емес. Әйелдің қауіпсіздігі – отбасының ішкі мәселесі ғана емес.

Барлық жаңалықтар