Әнші Мөлдір Әуелбекованың дін туралы бір ауыз пікірі әлеуметтік желіде үлкен пікірталасқа ұласты. Бірі әншінің сөзін қолдаса, енді бірі оның өзіне «діни біліміңіз бар ма?» деген сауал қойды. Тіпті өнер иесінің жеке өмірін сөз еткендер де табылды, деп жазады Democrat.kz.
Әнші Мөлдір Әуелбекова әлеуметтік желідегі парақшасында дін тақырыбындағы пікірталасқа қатысты ойын білдірді.
«Діни сауаты жоқ адамдармен дін туралы сөз таластыру бекер. Ислам мен радикалды ажыратуға да білім керек», – деп жазды әнші.
Бір қарағанда, қысқа ғана пікір. Алайда осы екі сөйлем желі қолданушыларын екіге жарды. Ә дегеннен бұл жазбаны Мөлдір ұстазы Баян Алагөзоваға бағыттап жазған деген пікірлер жазылды.
Кейбір оқырман Мөлдірдің сөзін қолдап, дін секілді күрделі тақырыпты арнайы білімі жоқ адамдардың талқылауы дұрыс емес деген пікір білдірген.
Ал екінші тарап әншінің өзіне қарсы сауал қойды.
«Сіздің діни біліміңіз бар ма еді, пікір таластыра алатындай?» – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір оқырман:
«Теология ғылымының докторы болдыңыз ба, дін туралы талқылайтын?» – деп сұраған.
Пікірталас мұнымен тоқтамады. Кейбір желі қолданушылары дін туралы сөйлеу үшін міндетті түрде теолог болудың қажеті жоқ деген уәж айтты. Енді бірі керісінше, діни мәселелерді үстірт түсінікпен талқылау қоғамдағы радикалдық көзқарастарды ажыратуды қиындатуы мүмкін деген пікір білдірді.
Алайда талқылау бір сәтте әншінің жазған ойынан алыстап, оның жеке өміріне қарай ауысып кеткен.
«Ал біреудің байымен жүру туралы дін не дейді екен?» – деген сарындағы пікірлер де жазылды.
Басқа қолданушылар мұндай жеке басқа тиісуді орынсыз деп бағалады.
«Бір жақты ғана тыңдап, осындай пікір қалдырғаныңызға жөн болсын. Әркім өзінің өмірі үшін жауап береді», – деп жауап берген оқырмандар бар.
Талқылауда орамал мәселесі де қозғалды. Бірқатар қолданушы Мөлдір Әуелбекованың діни ұстанымы мен сыртқы келбетіне қатысты сұрақтар қойса, өзгелері адамның сенімін киіміне қарап бағалауға болмайтынын алға тартты.
Тіпті кей пікірлерде дін мен мемлекеттің арақатынасы сөз болып, Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, діни мәселенің қоғамдық кеңістіктегі орны қандай болуы керек деген әңгімеге ұласты.
Мөлдір Әуелбекованың екі-ақ сөйлемнен тұратын жазбасының осыншалықты қызу талқыға түсуінің өзі Қазақстан қоғамында дін тақырыбының қаншалықты сезімтал мәселеге айналғанын байқатады.