5–6 қазанда Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саид Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Астанада екі ел басшылары саяси байланыс, инвестиция, сауда және бірлескен бизнес жобаларын талқылайды, деп жазады Democrat.kz.
Сапар Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен өтеді.
Ақорданың хабарлауынша, жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Қазақстан мен Оман арасындағы саяси диалогты одан әрі нығайту мәселесі қаралады.
Экономикалық бөлікке ерекше көңіл бөлінбек.
Тараптар сауда айналымын арттыру, Қазақстан экономикасына омандық инвестиция тарту және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылайды.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та келіссөздердің күн тәртібіне енгізілген.
Тоқаев пен Хайсам бен Тарик Әл Саид Қазақстан–Оман бизнес форумының жұмысына да қатысады.