ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ақмарал Шатемірқызы біраз уақыттан бері педагогтар арасында қызу талқыланып жатқаны аттестация тақырыбына қатысты өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
"Соңғы кездері білім беру жүйесінде «авторлық бағдарлама» ұғымы жиі айтылатын болды, бірақ терең мәні әрдайым толық ашыла бермейтін түсініктердің біріне айналды.
Негізінде авторлық бағдарламаны жазу кез келген мұғалімнің қолынан келе бермейтін өте жауапты жұмыс. Ол үшін тек пәнді жақсы білу жеткіліксіз – терең ізденіс, шығармашылық ойлау, тәжірибе мен жүйелі талдау қажет. Ол үшін мектеп ішіндегі, білім саласындағы өзекті мәселені түсініп, шешетін идея табу керек. Авторлық бағдарлама идеядан туады. Идеяшыл мұғалім тек білім беріп қана қоймай, білім беру үдерісіне тың серпін әкеледі, оқушының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Мұғалімге көмекші құрал ЖИ келгенде, авторлық бағдарламаға тыйым салу – мұғалімнің шығармашылық дамуын шектеу. Өз тәжірибесіне сүйеніп, ЖИ көмегімен жетілдірсе – бұл кәсіби өсу, заманауи технологияны тиімді қолдана білу.
Авторлық бағдарламаны жазуды міндеттеп емес, оны таңдау мүмкіндігі ретінде ұсыну әлдеқайда орынды болар еді.
Бұл талапты педагог-шебер санатына ұмтылған, кәсіби өсуге дайын, шығармашылық ізденістегі мұғалімдерге ғана бағыттау қажет, жалпыға бірдей емес.
Асхат Аймағамбетов мырзаның кезінде әлі курстардан толық өтпеген мұғалімдерге күрделенген психология мен МАН-ды беріп, тым қиындатып жіберген еді. Білім саласында ысылып, өзекті мәселелерді саралап, шешуін тауып кәсібиленіп қалғанда бекер кетті.Ғани Бейсембаев мырзаның кезінде авторлық бағдарлама жазып сатқыштар саңырауқұлақтай көбейді, өйткені педагог-модератордан да, педагог-сарапшыдан да авторлық бағдарлама сұралып, білім саласына жемқорлық ендеп кірді.
Дегенмен, нағыз шеберлер (авторлық бағдарламаны сатып алғандар емес) суырылып, барлық қиындықтан өтті.
Сүлейменова Жұлдыз ханымнан үміт күтіп, барлық талаптар тәжірибеден өтіп, мұғалімнің кәсіби дамуына, өзін танытуына мүмкіндік беретін ең тиімділері іріктеліп бір жөнге келетін шығармыз дегенде, «тосынсыйлар» көбейді. Жүйесін таппаған өзгерістер ме деп таңданып отырмын.
Енді Тест туралы.
Өз пәнінен тест тапсыру - мұғалімнің білімін арттырып отырады, ізденеді, қайталайды. Өз пәнін жақсы білу - кәсіби шеберліктің негізі.
Тестке дайындық өз пәніне деген немқұрайлықтың алдын алады. Тестті алып тастаса, жоғары оқу орындары студенттері де босаңсып кетеді. Енді ғана ЖОО бітіріп келгендерден тест талап ету – жоғары оқу орындарына сенімсіздік тудырмай ма?
Жүйе бәріне ортақ болу керек. Жаңа ғана университет бітіріп келген жас маманнан тест тапсыруды талап етіп, біздің қарап отырғанымыз қалай болады? Теңсіздік емес пе? Тең емеспіз, қатармыз деп айтамыз ба?)
Тесттен қашқан мұғалімдер оқушылардан тестті қалай талап етеді?
Тест – жазалау емес, тест - даму тетігі, іздену, кәсіби сергектік.
Негізінде, білім – ашықтықты, қолжетімділікті талап ететін сала. Ал тәжірибеде керісінше, «құпия» тест жинақтары неге ұсынылмайды? Неге баспалардан шығарып сатылымда тұрмады?
Ресми түрде қолжетімсіз материалдар бейресми арналар арқылы таралып жатады. Әлеуметтік желілерде, түрлі чаттарда: «пәлен мың теңгеге тест дайындап беремін», «дайын нұсқалары бар» деген ұсыныстар жиі кездеседі. Олар қайдан алады екен?! Бұл жағдай мұғалімді екіұдай күйге түсіреді: бір жағынан – талап бар, екінші жағынан – сол талапқа қажетті ашық, әділ ресурс жоқ. Бұл жағдайды ешқандай министр қарастырмады.
Авторлық бағдарламаны да, тестті де мүлде алып тастау дұрыс емес. Иә, авторлық бағдарламаны жазуға құлқы да, уақыты да, идеясы жоқтарға жақсы жаңалықтай көрінген шығар.
Бірақ, шынай ойлап көріңіздерші. Асығыс шешім қабылдау қауіпті. Егер бұл талаптар толық жойылса, мұғалімдердің ізденісі төмендеуі, жаңашылдықтың бәсеңдеуі әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде білім сапасына да әсер етеді. Сапалы білімге сапалы мұғалім қажет", дейді педагог-шебер Ақмарал Шатемірқызы.