Қазақстанда жол құрылысы кезінде анықталған ақауларды жөндемей-ақ нысанды пайдалануға беруге мүмкіндік жасаған нормалар күшін жойды. Бұған дейін мердігер кемшілікті түзетудің орнына жұмыстың құнын төмендетіп немесе кепілдік мерзімін ұзарта алатын, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы автомобиль жолдарын салу, жөндеу және қабылдау тәртібіне қатысты құжаттарды тексеріп, жол сапасына кері әсер ететін нормаларды анықтады.
Тексеру барысында Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қолданған әдістемеде елеулі олқылықтар болғаны белгілі болды. Атап айтқанда, жол жамылғысында кемшілік анықталған жағдайда мердігерге оны міндетті түрде түзету талабы қойылмаған.
Оның орнына орындалған жұмыстың құнын азайту, белгілі бір соманы ұстап қалу немесе кепілдік мерзімін ұзарту сияқты балама шаралар қолдануға рұқсат берілген.
Прокуратура мұндай тәжірибе жолдың нақты сапасын жақсартпайтынын атап өтті. Қаржылық санкция қолданылғанымен, асфальттың техникалық сипаттамалары өзгермейді және анықталған ақаулар сол күйінде қалуы мүмкін.
Сонымен қатар бұрынғы әдістеме жобалық құжаттаманы жол құрылысы аяқталғаннан кейін анықталған кемшіліктерге қарай өзгертуге де мүмкіндік берген. Алайда бекітілген жобаға түзету енгізу заңда белгіленген арнайы тәртіппен жүргізілуі тиіс.
Бас көлік прокуратурасының наразылығынан кейін Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетінің бұйрығынан сапасыз жұмыстарды қабылдауға жол ашқан ережелер алынып тасталды.
Бұл өзгеріс жол құрылысына жұмсалатын бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және мердігерлердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.