Қоғамдағы қылмыстың көбеюіне мұғалім мен тұтас білім саласы кінәлі ме?

Қоғамдағы қылмыстың көбеюіне мұғалім мен тұтас білім саласы кінәлі ме?

Әлеуметтік желіде жастар арасындағы агрессия, отбасындағы тәрбие және мектептің жауапкершілігі туралы үлкен пікірталас басталды. Талқылауға түрткі болған "барни үшін күйеуінен таяқ жеп, қайтыс болған" Мадина мен оның күйеуі  23 жастағы Мадиярдың әрекеті сөз болып, автор мұндай жағдайды тек бір адамның мінезімен емес, қоғамдағы тәрбие мен ағарту жүйесіндегі олқылықтармен байланыстырады, деп жазады Democrat.kz.

«Мадиярдың жасы 23-те екен. Қарап тұрсаң – жаңа буын. Бұл көп нәрсені айтады. Демек, бізде әлі де оқу-ағарту ісі дұрыс жүрмейді. Отбасы институты туралы айтылмайды, қоғамда әйелге қол көтермеу туралы ойлар кеңінен таратылмайды», – деп жазған желі қолданушысы.

Алайда бұл пікірге мұғалімдер жаппай қарсылық білдірді.

«Бәрін неге мектепке жүктейміз?»

Пікір қалдырған педагогтердің бірі мұғалімнің міндеті әлдеқашан сабақ берумен ғана шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, сынып жетекшісі оқушы сабақтан қалса іздейді, үйін аралайды, отбасындағы мәселесіне дейін араласуға мәжбүр.

«Анасымен ұрысып, үйінен қашқан оқушыны түнгі 12-ге дейін бір апта бойы іздедік. Сынып жетекшісі, завуч, директор – бәріміз жүрдік. Өгей әкесімен тұратын оқушының үйін де өзім араладым. Сонда оқушымен бірге мұғалім де кетсін дегеніміз бе?» – дейді педагог.

Ол мұғалімдерге оқушының үйін аралау сияқты міндеттер жүктелетінін айтып, мұндай жағдайда ұстаздың қауіпсіздігіне кім жауап беретінін сұрады.

Тағы бір ұстаз:

«Қит етсе білім саласына, мұғалімге, оның ішінде сынып жетекшісіне жұмысты арта бермеңдерші», – деп жазды.

«Тәрбиені мектепке тапсыра салу дұрыс емес»

Пікір білдірушілердің екінші тобы баланың мінезі мен дүниетанымының негізі отбасында қалыптасатынын алға тартқан.

«Бәрін неге мұғалім, мектеп, колледж, университет үйрету керек? Үйдегі ата-ана ше?» – деген пікір көп қолдау тапты.

Тағы бір қолданушы:

«Бірінші отбасы тәрбие дұрыс бермесе, мектеп берген тәрбие тесік шелекке су құйғанмен бірдей», – дейді.

Ал мұғалімдердің бірі бүгінгі мектептегі ең үлкен мәселе – жауапкершіліктің бір-біріне ысырыла беруі екенін дәл сипаттаған:

«Мұғалім баланы ата-анаға лақтырып әлек, ата-ана мұғалімге лақтырып әлек. Екі ортада ұтылып жатқан – бала. Ақталу емес, жауапкершілікті бір-бірімізге ысыруды тоқтату керек».

Мұғалім тәрбиелеуші ме, әлде бәріне жауапты адам ба?

Талқылауда тағы бір маңызды мәселе көтерілді. Кей ұстаздардың айтуынша, қазіргі мұғалімге оқушыға талап қою барған сайын қиындап барады.

«Бұрын мұғалім дауысын көтерсе, бала тынышталып қалатын. Қазір сәл қаттырақ сөйлесең, видеосын түсіріп таратады», – деп жазған қолданушылар бар.

Сонымен бірге мұғалімдерге оқу бағдарламасынан бөлек қағаз толтыру, ата-анамен жұмыс, үй аралау, тәрбие сағаты, оқушының психологиялық жағдайы секілді көптеген міндеттің жүктелетіні айтылды.

Бір пікір иесі мұны:

«Мұғалімнің жұмысын роботқа берсе, бір күнде істен шығар еді», – деп сипаттаған.

«Отбасын құруға да дайындалу керек»

Талқылауда ерекше ұсыныстар да айтылды. Кейбір қолданушылар некеге тұратын жастарға психологиялық дайындық курсын енгізуді ұсынды.

«Некеге тұрарда адамдар нені дұрыс, нені бұрыс екенін түсіну үшін кем дегенде базалық курстан өтуі керек», – деген ұсыныс айтылған.

Басқалары мектеп бағдарламасында психология, қарым-қатынас мәдениеті, алғашқы медициналық көмек, қоғамдағы мінез-құлық және отбасы құндылықтары жөніндегі практикалық сабақтар көбірек болуы керек деп есептейді.

Мәселенің жауабы бір жақта емес

Әлеуметтік желідегі пікірталас бір маңызды нәрсені көрсетті: жас адамның тәрбиесін тек мектепке немесе тек ата-анаға артып қою мәселені шешпейді.

Бала мінезінің негізі отбасында қаланады. Мектеп оны біліммен, ортадағы қарым-қатынас мәдениетімен толықтырады. Ал қоғам мен мемлекет зорлыққа, агрессияға және адам құқығын аяққа таптауға қатысты анық әрі ортақ шекара қалыптастыруы тиіс.

Ең қауіптісі – жауапкершілікті бір-біріне сілтей беру. Өйткені ата-ана «мектеп тәрбиелесін», мектеп «үйде тәрбие берілмеген» деп тұрған кезде, екі арада бақылаусыз қалған – баланың өзі.

Барлық жаңалықтар