«Qasqa Jol» YouTube арнасына берген сұхбатында тарихшы Қойшығара Салғараұлы қазіргі білім саласына қатысты ойымен бөлісті деп жазады Democrat.kz.
"Үш жүз жыл бодандықта болуымыздың салдарынан өз тарихымыздың тамырынан алыстап қалдық. Сол себепті де қазіргі кездегі оқулықтарда оқушының үлгі алып, "мен де осы кісідей болсам" деп армандайтын алып тұлғалар әлі күнге жеткілікті деңгейде оқытылмай келеді.
"Бізді ежелгі тарихтан "nomad" деп атап кеткен. Орысша тарих оны "кочевники" деп аударды. Ал қазақ өзін ешқашан көшпелі деп атамаған, ондай ұғым болмаған. Орысшадан бір аудармашы - көшпелі, енді бірі - көшпенді деп аударды.
Қазір осы екеуі жарыса аталып келе жатыр. Академиктердің өзі әртүрлі айтады. Дұрыс, бұрыс деп жатқан ешкім жоқ. Шын мәнінде екеуі де қате. Не нәрсе де заңдылыққа бағынады. Біздегі атау сөздері кім? не? деген сұраққа жауап береді.
Ал көшпелі сөзі қандай деген сұрақтың жауабы. Біздің қазақ кезіп жүрмеген. Әр хандықтың меншікті жері болған. Сол меншікті жерінде отырған. Ал көшіп-қону тек "Ұлы қоныс аудару" кезінде ғана болған. Көшпенді деген сөзді кері мағынада қолдан жасаған. Кері мағынада тастанды дегенді білдіреді. Оны зерттеп жатқан ешкім жоқ.
Ресми академиялық шығармаларда да қолданылып жүр. Бізде шынына келгенде қазақ тарихы жазылмаған да. Қазақстан тарихы дейді. Ал Қазақстан деген қазақ халқы деген сөз емес.
Ол қазақ халқы мекендеген жерде орнаған мемлекеттің аты. Біздің тарихта тек Қазақстанның құрылуы бар. Адамды адам қылған ұлт данышпандарының өнегесі, көргені жоқ", - деп мәлімдеді Қойшығара Салғарұлы.