Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бақты–Аягөз теміржол желісі жылына 20 миллион тоннаға дейін жүк өткізуге мүмкіндік береді, деп жазады Democrat.kz.
Ұзындығы 303 шақырым болатын теміржол желісінің құрылысы жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Жер жұмыстарының 93 пайызы орындалған. Қазір құрылысшылар жол төсемінің жоғарғы қабатын тегістеп, топырақтың тығыздығын тексеріп жатыр. Көпірлер мен су өткізгіш құрылыстардың да басым бөлігі аяқталған.
Жаңа бағыт Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының мүмкіндігін кеңейтіп, Достық және Алтынкөл бекеттеріне түсетін жүктемені азайтуға тиіс. Жоба іске қосылған жағдайда отандық өнімдерді Қытай нарығына жеткізу және транзиттік тасымалды ұлғайту мүмкіндігі артады.
Құрылысқа қажетті рельстер мен басқа да материалдардың бір бөлігі қазақстандық өндірушілерден сатып алынуда. Бұл жоба көлік инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, отандық құрылыс және өндіріс кәсіпорындарының тапсырыспен қамтылуына да ықпал етуі мүмкін.