«Тоқтатпаңдар!»: Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады

«Тоқтатпаңдар!»: Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады

Қазақстанның бірнеше қаласында балабақшалардың жаңажылдық ертеңгіліктерді өткізуден бас тартуы ата-аналар арасында дау туғызды. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мерекелік шараларды қандай жағдайда тоқтатуға болатынын түсіндірді. Ведомство өкілдері балалардың қауіпсіздігіне қатер төнбесе, жоспарланған мерекелерді өткізуді ұсынды. Сонымен қатар тәрбиешілерге ата-аналардан сыйлық пен аниматорға ақша жинауға болмайтынын ескертті, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда балабақшалардағы жаңажылдық ертеңгіліктерге қатысты пікірталас күшейді. Алматы, Ақтау, Қарағанды, Жезқазған және өзге де қалалардағы ата-аналар кейбір балабақшалар мерекелік шараларды өткізбейтінін хабарлаған.

Бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бірі Жаңа жылды тойлаудан бас тартып, Наурыз мерекесіне басымдық беруді қолдаса, енді бірі балалардың мерекесіз қалатынына қынжылды.

Кейбір ата-аналарға балабақшада бұрынғыдай ертеңгілік өткізілмейтіні, алайда сыйлықтар мен аниматорларды өздері ұйымдастыруына болатыны айтылған.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, балабақша басшысы балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, мәселен, карантин енгізілсе немесе ғимараттың жай-күйі қауіп тудырса, мерекелік шараны тоқтату туралы бұйрық шығара алады.

Ал өзге жағдайларда жоспарланған мерекелерді қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып өткізу ұсынылады.

Сонымен қатар балабақшалар мерекенің форматын өздері таңдай алады. Жаңажылдық шараны әр топта бөлек өткізуге немесе арнайы тақырыптық күн ұйымдастыруға болады.

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балаларды ерте дамыту институты директорының орынбасары Гүлнара Мұқышева Жаңа жыл мерекесі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында қарастырылғанын түсіндірді.

Оның айтуынша, жаңажылдық іс-шараларды өткізу аталған бағдарламаның талаптарына сәйкес келеді. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарға балалардың мүддесі мен қауіпсіздігін ескере отырып, жоспарланған мерекелерді өткізу ұсынылады.

Министрлік тағы бір маңызды мәселені нақтылады: балабақша педагогтеріне ата-аналардан жаңажылдық сыйлықтар мен аниматорлардың қызметіне ақша жинауға болмайды.

Бұған дейін Алматы қаласының Білім басқармасы да қала бойынша жаңажылдық ертеңгіліктерді тоқтату жөнінде ортақ бұйрық шығарылмағанын хабарлаған болатын.

Басқарма әр балабақшаның мерекелік шараның форматын балалардың жас ерекшелігіне, бекітілген жұмыс жоспарына және қауіпсіздік талаптарына сәйкес дербес белгілейтінін түсіндірген.

Осылайша, министрліктің мәлімдемесіне сәйкес, балабақшаларда жаңажылдық мерекелерге жалпы тыйым салынбаған. Дегенмен барлық мекемеге бірдей дәстүрлі ертеңгілік ұйымдастыру міндеті де белгіленбеген.

Барлық жаңалықтар